Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағанды облысында халықаралық құсбегілер сайысы өтіп жатыр

AstanaTV
12.11.2019ж. 20:00
4962
Қарағанды облысында халықаралық құсбегілер сайысы өтіп жатыр

Қансонарда бүркітші шығады аңға. Қарағанды облысында халықаралық «Ұлы дала мұрасы» құсбегілер сайысы өтіп жатыр. Ата- баба дәстүрін дәріптеген дүбірлі додаға 13 облыстан өзге Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолиядан арнайы келген 80- ге жуық бүркітші қатысты. Құсбегілер ең алдымен өздерінің емес, қырандарының бабын сынады. Айжан Қуаштың материалы.

Жазық далада бүгін басты бәсекелестер- құстар. Қыран, бүркіт, қаршыға, лашын мен ителгі. Сырт келбеттерінен- ақ кербездік пен қырағылықты аңғару қиын емес. Құсбегілер де ежелгі аңшы кейпінде. Монғолия қазағы Жеңісбек Серікұлы басына түлкі тымақ, үстіне құлынның терісінен тігілген тон киіп келіпті. 13 жыл бойы саятшылықты дәріптеп жүрген жігіт үшін құсбегіліктің орны ерекше.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ, МОҢҒОЛИЯ ҚҰСБЕГІСІ:

Ер жігіттің мойнындағы бір міндетті өнер. Қазақта айтады ғой, құстың алдынан қарсы өтпейді айналып өтеді деп. Қазақтың үйінде құс оң жағында тұрғанда келген кісі оған сәлем беріп өтеді. Бұл сондай қасиетті, оған жақсы, жұмсақ көңілмен қарау керек.

Ата- баба дәстүрін дәріптеген дүбірлі додаға 80- ге жуық бүркітші қатысты. Олардың ең жасы - маңғыстаулық Ержан Сахарбай. 12 жастағы жеткіншек сайысқа қаршығасын қосты.

Ержан САХАРБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС ҚҰСБЕГІСІ:

Бұл деген үйрек, қоян, қаз кекілік, тағы да басқа құстар аулайды, көгершін. Қаршыға өзіміздің деңгейімізге де ыңғайлы. көтеруге де жақсы, салмағы жеңіл.

Жарыста құсбегілер құстарын қияға еркін ұшырып, қолдарына қондырды, шырғаға салды. Бүркіт көкте самғап жүріп жердегі олжасын қалт жібермей алуы тиіс.  Әділқазылар қыранның бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал- сайманын да бағалайды. Сайыста аңшылықтың ажырамас бөлігі - құмай тазылар да сыналды. 35 ит түлкінің соңынан түсті. Мамандар ең жүйрігі мен ең иісшілін анықтайды. «Ұлы дала мұрасы» жарысы үш күнге жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құсбегілік өнері елімізде жақсы дамып келеді. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанда 20 шақты ғана бүркітші болса, қазір жүз елуден асқан.
 
А. Қуаш