Ауру анықталғанымен, оның ошағасы белгісіз. Жамбыл облысында Сібір жарасымен ауырған адамдардың індетті қайдан жұқтырғанын арнайы комиссия таба алмады. Тексеруші топ күйдіргі кеселінің қайдан келгенін анықтай алмаған. Ал, ауру малдың еттері Алматы асып кеткен. Кесел шыққан шаруа қожалық кімге тиесілі? Данияр Әлімқұл бұл сауалға жауап іздеп көрді.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Күздің алғашқы айында күйдіргі кеселін жұқтырған Жуалы ауданының 4 тұрғыны төсекке таңылған болатын. Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған шопандар екі аптадан аса емделген еді. Қауіпті аурудың қоздырмасы 10 жылдан аса өңірде болмаған.
Ауру анықталған соң атқа қонған аймақ шенеуніктері Жуалы жеріндегі қожалықты түгел тексеруге комиссия аттандырған. Алайда, мамандар аурудың қайдан келгенін анықтай алмапты.
Оспан БЕРДИЯРОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жатқан жерлерін, мал сойыған жерді бәрін тексердік. Одан бөлек шаруа қожалықта 23 бас малдың терісі бар екен оның бәрін тексердік. Ешқайсысынан сібір жарасының қоздырғышы анықталған жоқ.
Сібір жарасы шопандарға сиыр малын сою кезінде жұққан. Қауіпті аурудың қоздырғышы шыққан қожалық қоршауға алынып, жалпы саны 44 адам қатаң бақылауда болды. Ал, ауру малдың еті Тараз бен Алматыдағы шұжық цехтарына сатылып кеткен. Аймақ ветеринарлары аталған қалалардағы цехтар қабылдаған 8 бас ірі қара етінің жол кесіп, тексергенімен кеселдің қоздырғыштары кездеспеді деді. Одан бөлек басы дауға қалған қожалық қожайыны құқық қорғау саласында жұмыс істейтінін жайып салды.
Оспан БЕРДИЯРОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Әкеліп өткізбек болған. Оған қазір іс қозғалды. Ет кішкене өткізілген оның бәрі табылып, жойылды ғой. Жоқ, ештеме шықпады. 86 сынама алынды. Енді Алматыға жақсы деген еттерін апарып өткіземіз деген, оны да бірден алдырды, пайдаланбай тұрған жерінен. Малдың иесі ішкі істер министрлігінде жұмыс істейді. Іс қозғап жатыр ғой соған. Шаруашылық иесі 75-80-дегі анасы. Отставкадағы емес действующий полковник. Сол өзінің күшін пайдаланғысы келген шығар.
Мамандар сиыр малының еттері ветеринарлық анықтамасыз өткізілген деп отыр. Ал кәсібін анасының атына тіркеген қожалықтың қожайыны құзырлы орын қызметкері дегенді полиция жоққа шығарды.
Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталмыш шаруа қожалықтың бастығы біздің полиция полковнигі екені шындыққа жанаспайды. Ал шаруашылықтың нақты иесі тергеу жұмыстары мен құпиясына байланысты айтылмайды.
Қожалықтың қожайынымен қоса, оның заңды тіркелген атауы да айтылмай отыр. Қазір қожалыққа қатысты «ветеринариялық талапты өрескел бұзды» деген дерекпен қылмыстық іс қозғалған. Қорытындысы қашан шығатыны белгісіз. Айта кетейік, жыл сайын Жамбыл облысында 2 мыңнан астам адам аса қауіпті Сібір жарасына қарсы егпе алады.
Д. Әлімқұл