$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда мердігер компаниялар мемлекеттік тұрғын үйлерді уақытында тапсыра алмай жатыр

AstanaTV
15.11.2019ж. 20:00
1734
Қызылжарда мердігер компаниялар мемлекеттік тұрғын үйлерді уақытында тапсыра алмай жатыр

Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысы сағызша созылып кетті. Бүгінде аймақта 17 көпқабатты баспана тұрғызылуда. Оның басым бөлігі бюджеттің қаражатына көтеріліп жатыр. Құрылыс компаниялары нысандарын тапсырып үлгермей жатқандықтан, бірқатар үйлердің келесі жылға қалатын түрі бар. Тұрғын үй құрылысының қарқынына кім кедергі? Абзал Құрманкин зерттеп көрді.  

Қызылжардағы Ботаевтар жанұясы 13 жылдан бері баспанасыз отыр. Көп балалы отбасы 2015 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Бірақ, кезек баяу жылжып келеді, дейді. Ай сайын жалдамалы баспанаға 70 мың теңге беруге мәжбүр.  

Айнагүл БОТАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:  

Пәтерді жалдап жүрміз. Бұл қалтамызға салмақ. 2015 жылы пәтер кезегіне тұрған кезде 3 мыңыншы орында болдым. Қазір 238-шімін. Әкімдіктен ешкім звондап, хабарласпайды. Өзіміз екінші деңгейлі банктен пәтер ала алмаймыз. Себебі, оған бастапқы жарнаға қаражатымыз жоқ.

Пәтер кезегінің ақырын жылжуына сақалды құрылыс нысандары себеп. Петропавлда жалға берілетін коммуналдық баспананы тұрғызып жатқан "Лира" серіктестігі құрылысты үш айға кеш бастапты. Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, үйдің дер кезінде бой көтеруіне осы маңайдағы апатты баспаналар бөгет болған.  

Андрей РЯДЧЕНКО, «ЛИРА» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Біз наурыз айында әкімдікпен келісім шарт жасастық. Бірақ ол кезде құрылыс алаңының қақ ортасында екі қосқабатты үй тұрды. Қалалық әкімдік оны тек маусым айында ғана сырып тастады. Кейін жұмысқа кірісіп кеттік. Қазір жұмыс қарқыны жаман емес. Ақпан айында тұрғын үй дайын болады.

Жоспарға сәйкес биыл Қызылжар өңірінде тұрғын үйдің 235 мың шаршы метрі қолданысқа берілуі тиіс. Алайда, 11 айдың қорытындысы бойынша меженің тек тең жартысы ғана орындалған. Петропавлдағы құрылыс саласына жауапты атқамінер мердігер компаниялардың жұмысында да мін бар, дейді.  

Серік САБЫРАЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қалада он бір үй салынып жатыр. Оның үшеуі арендно коммунальный, қалғаны сегізі несиелік үйлер. Бұйыртса, алтауы жылдың аяғына дейін бітетін болады. Осындай үлкен объем қалада бұрын істелінбеген. Сондықтан қазіргі мердігерлердің күші жетпей тұр. Шарт бойынша уақытында істелінбесе, онда штраф.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:  

Тағы бір айта кетейтін жәйт, аталған тұрғын үйлер биыл салынып біткеннің өзінде, қолданысқа берілмес еді. Себебі, баспаналардың жарым бөлігіне коммуналдық жүйелер қосылмаған. Сәйкесінше ауланың абаттандырылуы да мұнда атымен жоқ. Бұл жұмыстардың қақаған аязда жасалмайтыны анық.

А. Құрманкин