$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елордалықтар сағаттап автобус күтуге мәжбүр

AstanaTV
15.11.2019ж. 20:00
2937
Елордалықтар сағаттап автобус күтуге мәжбүр

Қар түскелі елордалықтар қоғамдық көліктердің жұмысына шағымды жиілетті. Жолаушылар автобустарды сағаттап күтетіндеріне ашулы. Асылбек Данияр автобустардың неге кешігіп жатқанын біліп қайтты.  

Желіде желдей ескен мына видеода аялдаманың іші сырты толған адамдар. Жолаушылар автобусты сағаттап күтуге мәжбүр. Аялдамадағылар автобустардың қашықтық уақыты ұзарып кеткенініне шағымданды.  

Светлана ЫСҚАҚОВА, ТҰРҒЫН: 

Ыңғайсыз, көп күтесің. Күн суық. Жарты сағатқа дейін күтеміз. кейде. Кейде одан да көп күтетін күндер бар. Тығылыс адам көп. Жарты сағат күткенде адам жиналмай қайтеді.

Ләззат МЕХТАХОВА, ТҰРҒЫН: 

Сұмдық! Жолда тұрып 50 минут күтеміз. Балам екеуміз осылай автобусты тосып тұрамыз. Көп кешігетін 4, 72 бағыттағы автобустар.

Қар түскелі бас қалада осындай шағым жиілеген. Оны әлеуметтік желідегі видеолар растайды. Қоғамдық көлікті тізгіндегендер, мәселені ауа-райымен байланыстырды. Жүргізушілер жол тайғақ болғандықтан, жылдамдық азайды деп отыр.   

Байқоңыр ИБРАШЕВ, ЖҮРГІЗУШІ: 

Көріп тұрсыз ғой жол қандай тайғақ. Біз халық тасимыз. Халық тасығаннан кейін, бізге халықты ойлау керек. Транспорт бар екен деп жүре бермейміз ғой.

Жол қозғалысын жауапты "Astana LRT" компаниясы автобустардың уақытынан кешігіп жатқанынан хабардар. Мәселені шешу жолдарын қарастырып жатқандарын жеткізді.   

Әлия ЖАРҚЫМБЕКОВА, "ASTANA LRT" ЖШС ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ: 

Бізде әрине проблемалы маршуттар бар. Ол мысалы, өзіңіз айтқандай 4 бағдарлы автобусты көп күтеді адамдар шынымен де. Графигін жабуы қиындап барады. Мен өзім айтқандай, бір шешімдер қабылданатын болады соған байланысты.

"Астана ЛРТ-нің" дерегінше, жолда кешігіп жететін қоғамдық көліктердің басым көпшілігі нөмірі 2 автопаркке тиесілі.  

Бауыржан СЕЙІТОВ, "ASTANA LRT" ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Иә, нөмірі екінші автопаркте бізде проблемалар бар. Автобустар жеткілікті, тек жүргізушілері жоқ. Қаржылық та қиындықтары, жанар май бойынша да проблемалары бар. Біз оларға уақыт бердік мәселені шеше алмаса, басқа жолдарын қарастыратын боламыз.

Бұл мәселені жауапты компания жергілікті әкімдікпен жақын күндері шешуге уәде етті.    

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ: 

Қазіргі таңда, қала бойынша, 700-ден аса автобус халыққа қызмет етуде. Өкініштісі бұл жолаушылардың қажетін өтей алмай отыр. Мамандар, жолаушылар көлігінің тек 80-85 пайызы ғана бағытта жүргенін айтты. Жуырда 50 элекробус пайдалануға берілетінін айтып қуантты. Оған дейін жұрт автобустардың қазіргі жағдайына көндігуден басқа амалы жоқ.

А. Данияр