Табысы төмен азаматтар «5-20-25» бағдарламасымен баспана ала алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады. Әкімдіктің кредиттік үйіне иек арту үшін отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда 92 мың теңгеден аспауы шарт. Әріптесім Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Пәтер кезегінде тұрған қазақстандықтардың саны 526 мыңға жетті. Жыл сайын олардың қатарыда, пәтердің бағасы да өсіп келеді. Сондықтан, Қазақстан риелторларының біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко көпшіліктің баспаналы болуына мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізіп отыр, дейді.
Лариса СТЕПАНЕНКО, ҚАЗАҚСТАН РИЭЛТОРЛАРЫНЫҢ БІРІККЕН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Менің ойымша осындай бағдарламалар көпшіліктің үйлі болуына мүмкіндік береді. Түрлі категориядағы тұрғындардың тиісті қаражатты өзі жинауы қиын болғандықтан бағдарламалардың жаңа түрлері пайда болуы да қалыпты жағдай.
Мемлекет ұсынған жобалар демекші, бүгін үкімет отырысында 5-20-25 таныстырылды. Яғни несие 25 жылға, 20 пайызбен, бастапқы жарнасы 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Оған әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттегілер иек арта алады.
Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРОҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
3,1 күнкөріс минимумы - 92 мың теңге табысы бар кезектегілер "5-20-25" бағдарламасы бойынша әкімдіктің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты адамға берілуі мен мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді.
Ал «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жаңа бағдарламаның талаптарын түсіндірді. Бастысы «5-20-25-ке» қатысушылар аталған жинақ банкінен шот ашып, жарнасын төлеуі тиіс.
Ләззат ИБРАГИМОВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
Соңғы бес жыл ішінде үміткердің меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Бұл-әкімдіктердің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде салынатын несиелік тұрғын үй. Олардың өзіндік шектеулері бар, мәселен Нұр - Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында бір шаршы метр үшін 180 мың теңге, сондай-ақ қалған облыс орталықтарында бір шаршы метр үшін 140 мың теңге.
Ал зейнетақы жинағын баспана сатып алуға беру мәселесі әлі талқыланып жатыр. Қажет соммасын алатындай көпшілігі тиісті қаражатты жинап үлгермеген.
Ә. Өмірзақ