Негізгі / Жаңалықтар / Телефонға әкімді түсірген куәгер, одан 300 мың тенге бопсалаған, экс-әкім

Телефонға әкімді түсірген куәгер, одан 300 мың тенге бопсалаған, экс-әкім

Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық округтің әкімі жол апатын ұйымдастырды. Қызметтік көлігін түнгі уақытта пайдаланған Якорь елді-мекенінің атқамінері тұрғын үйдің ауласында тұрған ағашқа барып соғылған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Шенеуніктің теріс қылығын куәгер ұялы телефонға жазып, бірнеше күннен кейін ғаламторға жариялапты. Ал, басы дауға қалған экс-әкімнің айтар өз уәжі бар. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптарды тандып қайтты.  

Әлеуметтік желінің жұлдызына айналған шенеунік Петропавл маңайындағы Якорь ауылының әкімі болып шықты. Қызметтік көліктің тізгінін ұстап айдаған Қайырболат Чехманов рөлді басқара алмай ағашқа барып соғылған. Бұл уақытта демалып жатқан үйдің иесі телефонын ұстап, бірден далаға атып шыққанын айтады.  

Олжас ЖАНТАСОВ, КУӘГЕР: 

Мен шыққан кезде әкім көліктің ішінде отырды. Кейін шығып, аяғында әзер тұрғанын байқадым. Оның мас болғанын түсіндім. Бірақ ішімдіктің иісін сезген жоқпын. Маған ешқандай шығын келтірген жоқ. Сондықтан оған қатысты еш қарсылығым жоқ.

Бізге телефон арқылы сұхбат берген бұрыңғы әкім аталған бейнежазба үшін куәгер одан ақша бопсалағанын айтады. Шенеунік қаражатты дер кезінде таба алмаса керек. Артынша өзінің кінәсін түсінген әкім, қызметінен өз еркімен бас тартыпты. Келеңсіз оқиғаның өткен бейсенбіде болғанын жеткізді. Бірақ жағдай куәгер айтқандай емес дейді.  

Қайырболат ЧЕХМАНОВ, ЯКОРЬ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ БҰРЫНҒЫ ӘКІМІ:  

Ол бейнежазбаны жарияламау үшін менен 300 мың теңге талап етті. 25-қарашаға дейін уақыт берді. Бірақ мен таба алмадым. Сосын өзімді әлеуметтік желіден көрдім. Мен ол күні ішімдікті тұтынған жоқпын. Жүрегім қысылып, жолдан ұшып кеттім.

Аудандық әкімдіктің өкілдері экс-әкімнің соңғы кезде денсаулығы нашарлап жүргенін растады. Жұмысына кінәрат болған емес деп отыр.  

Қуаныш САРБАЛИНОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМДІГІ АППАРАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Осыған дейін Якорь ауылының бұрынғы әкімі қызметінен кетуі жөнінде бірнеше рет арыз жазды. Денсаулығының сыр бергенін айтты. Бірақ қазір бізде маман тапшылығы байқалып отыр. Сондықтан онымен сөйлесіп, бірнеше рет ойынан айнытқан едік.

Ал мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент бұл жағдай бойынша ішкі тексеріс жұмыстарын қолға алмақ. Айтуларынша, жұмыстан өз еркімен кеткен адам біршама уақыттан соң мемлекеттік қызметке қайтадан оралуға құқылы.  

Жанат ЖҰМАБАЕВ, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Якорь ауылының әкімі қарашаның он бесінен бастап қызметін босатты. Заң бойынша егер мемлекеттік қызметкер қызметінен өз еркімен кетсе, онда алдағы уақытта оған қайтадан мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тиым салынбайды. Жалпы, бұл жағдайдан бөлек жыл басынан бастап екі шенеунік өз көлігін мас күйінде басқарған. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі бойынша олар жұмысынан қуылған болатын.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Куәгердің әкімнен ақша бопсалағаны расталса, онда қарапайым тексерістен кейін қылмыстық іс ашылуы мүмкін. Айта кету керек, бір-ақ жыл ғана жұмыс істеген экс-әкімді ауыл тұрғындары бауыр басып қалған сыңайлы. Олар атқамінердің лауазымын қайтару үшін арнайы қолхат жинауға бекініп отыр. 

А. Құрманкин