Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Таразда қасқөйден қорлық көрген оқушы бүгін ауруханаға жатқызылды - Денсаулық басқармасы

AstanaTV
19.11.2019ж. 20:00
4750
Таразда қасқөйден қорлық көрген оқушы бүгін ауруханаға жатқызылды - Денсаулық басқармасы

Тараздағы мектеп әжетханасында қасқөйден қорлық көрген оқушы ауруханаға жатқызылды. Ел арасында күдіктіден инфекциялық ауру жұқты деген ақпарат жайылды. Ал осы оқиғадан кейін басы дауға қалған мектеп директорынан бастап 5 мұғалім қызметімен қош айтысты. Дүйім елді дүрліктірген оқиғадан кейін қалада қандай шаралар қолға алынды? Данияр Әлімқұл толықтырады.  

Таразда 7 сынып оқушысы мектеп әжетханасында зорланғаннан кейін аймақ атқамінерлері де атқа қонды. Арты айқай-шуға айналған оқиғадан кейін облыс әкімі де жедел жиын жасады. Онда ол тәртіпті күшейтіп, жауаптылардың бәрін жұмыстан қууды көтерді. Артынша осы оқиға болған №6 мектептің директоры қызметімен қош айтысты. Ол өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазыпты. 

Гүлзира ДӘРІБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Мектеп директоры кетті орнынан, директордың құқықтық орынбасары кетті, сол сабақтан сұранып кеткен физика-математика пәнінің мұғалімі кетті жұмыстан, және сол күні кезекшілікпен айналысқан мұғалім кетті. Бас-аяғы 5 адам кетті. Әрине қалалық білім бөлімінің басшысы да болды, ол кісі бүгін денсаулығына байланысты жұмыста жоқ болғандықтан кету-кетпеуі кейінге шегерілді.

Азғыннан азап шеккен 6-шы мектеп оқушысы бұған дейін үй жағдайында емделген еді. Жеткіншек бүгін ауруханаға жатқызылды. Ал, әлеуметтік желілерде оған азғындық жасаған азаматтан тері ауруы жұқты деген ақпаратты денсаулық басқармасы жоққа шығарды.    

Жібек ИСАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Жамбыл облыстық балалар ауруханасында 10 күндей жатады. Жағдайы қазір жақсы және бірқалыпты. Ал, оған азғындық жасаған адамнан ауру жұқты деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Қаршадай қызға қорлық көрсеткен қаскөй енді 30 жылға жуық өмірін темір торда өткізуі мүмкін. Аймақтың бас полицейі солай деді. Ал, бүгіннен бастап білім ошақтарында қауіпсіздік қатаң режимге көшірілді. Ал азғындық жасады деп айыпталған азамат 36 жаста болып шықты. Ол бұрын да зорлық және ұрлық әрекеттері үшін сотты болған.  

Арман ОРАЗАЛИЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫ: 

Аталмыш бағытта жұмыстар күшейтілді, қосымша патрульдік полицейлер әр мектептің аумағын та ертең, түскі және кешкі уақытта бақылап, үздіксіз қадағалайтын болады. Аталған күдікті 17 жасында зорлау қылмысы үшін сотты болған. 4 жыл мерзімін абақтыда өтеп, бір жыл шартты түрде өтеген.

Айта кетейік, аймақ бойынша 442 мектеп бар десек, олардың 98,4 пайызы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Енді бұл межені жүз пайызға жеткізу үшін атқамінерлер арнайы қаржы қарастырмақ. Бұл - қауіпсіздік шараларының бірі.   

Д. Әлімқұл