Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылжар өңірінде онкологиялық аурулар белең алды

AstanaTV
22.11.2019ж. 20:00
2555
Қызылжар өңірінде онкологиялық аурулар белең алды

Қызылжар өңірінде онкологиялық ауру белең алды. Жыл басынан бастап бұл дертке шалдыққандардың саны мың жарым адамға жеткен. Бұл былтырғы жылдан 13 пайызға артық, дейді сала мамандары. Жаман ауру неге дендеп барады? Дерттің алдын алуға бола ма? Аймақтағы тілшіміз ақ халаттылармен кездесіп, мәселенің себебін білуге тырысты. 

Виктор Совенков обыр ауруына 2010 жылы шалдыққан. Скринингтік тексерістің барысында оның өкпесінде ісік байқалыпты. Абырой болғанда, дерті әлі асқынып үлгермепті. Дер кезінде пышаққа іліккен науқас бүгінде алаңсыз.   

Виктор СОВЕНКОВ, ТҰРҒЫН: 

Жарты жыл сайын тексеріліп, химиялық терапиядан өтіп отырамын. Емделіп жүргеніме 9 жыл болды. Құдайға шүкір қазір денім сау. Дәрігерлердің күтіміне өкпем жоқ, науқастарға жақсы қарайды.

Теріскейде обырға шалдыққандардың статистикасы өскен. Мәселен, жыл басынан бастап қатерлі ісік 1500 жуық адамнан анықталыпты.   

Олег ДУДЯК, СҚО ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жылдың соңына қарай обырды анықтау көрсеткіші жүз мың адамға шаққанда 330 адам болмақ. Бұл көрсеткіш жаман емес. Қатерлі ісікті неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым одан айығу мүмкіндігі көбейеді. Дегенмен, обырды анықтау ісі Еуропада жақсы дамыған. Онда жүз адамға шаққанда жаман ауру 600 адамнан анықталады. Ресейде 440-тың маңайында. Бізге ен болмағанда ресейліктердің деңгейіне жетуіміз керек.

Жергілікті университеттің профессоры Наталья Белецкая теріскейдің экологиясын 13 жыл бойы терең зерттегенін айтты. Топырақ пен судың сараптамасын сан рет сынаған тәжірибелі эколог оның құрамында бірқатар микроэлементтің жетіспейтініне көз жеткізген. Ол химиялық заттардың тапшылығы обырдың ең басты себебі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.  

Наталья БЕЛЕЦКАЯ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚМУ ПРОФЕССОРЫ: 

Микроэлементтер адам денсаулығының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Солтүстік Қазақстанда оның отызға жуығы жетіспейді. Мысалы, «селен» деген зат ағзада обыр жасушаларының көбеюіне бөгет болады. Сондай-ақ, біз тұтынатын суда токсиндер көп. Осы мәселеге көңіл аударған абзал.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Обырды анықтау жүйесі облыс орталығында жақсы дамығанмен, ауылды аймақта әлі де жетілдірілмеген. Қазір құзырлы орган аудандарды қажет қондырғылармен жарақтандыруды көздеп отыр. Нәтижесінде қатерлі ісік сол жақта да көптеп анықталуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта дерттін дендеп кетуі де ғажап емес.

А. Құрманкин