Шымкентте уланған отбасына алғашқы көмек көрсетуге келген фельдшерге 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Мұны төрт бірдей медициналық мекеменің қызмет сапасын тексерген шаһардың бас санитар дәрігері айтты. Сондай-ақ оған тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жедел жәрдемнің фельдшері болғаннан кейін ол өзінің жауапкершілігін түсіну керек еді. Сол жерде айтуы керек еді, осындай сіздердің жағдайларыңыз тілхатыңызға қарамай ауыр. Дұрыс баға бермегені үшін біздер сондай талап қойып жатырмыз ол кісіге. Алып кету керек еді мына жерден, ол келгенде жазуында баласы ұйықтап жатыр еді дейді. Ол ұйықтасын, басқа болсын толыққанды зерделемегеннің арқасында болған тірлік болып тұр бұл.
Бұдан бөлек жұқпалы аурулар ауруханасының кезекші дәрігеріне де 80 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бас санэпидемиолог ондағы дәрігердің науқастарды «тағамнан уланған жағдай болған жоқ» деп өзге ауруханаға жібергені қателік болды,- дейді. Зерделенген жағдайлар бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті құқықтық баға беру үшін тиісті орындарға хат жолдағандарын жеткізді. Еске салайық, 3-қараша күні бір үйдің отанасымен қоса үш баласы белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен болатын. Екі бала ажал құшты. Алғашқы болжам бойынша тағамнан улану жағдайы анықталмаған. Екі бірдей бүлдіршіннің ажалына не себеп болғаны сот-медициналық сараптамадан соң белгілі болады.
А. Төребекқызы