Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Газдан уланды

AstanaTV
27.11.2019ж. 20:00
3070
Газдан уланды

Шымкентте бір отбасы газдан уланып, 5 жасар бала қайтыс болды. 26 жастағы келіншек пен оның тағы екі перзенті ауруханада жатыр. Дәргерлер жансақтау бөліміне түскен ана мен балалар беті бүгін бері қарай бастағанын жеткізді. Қайғылы жағдайға не себеп болғанын әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап көрді.

Қайғылы жағдай Шымкенттегі «Күншығыс» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде түнде болды. Көршілердің айтуынша пәтерде уланып қалғандарды түнде іс -сапардан келген отағасы көрген.

Қазір 25 жастағы келіншектен бөлек оның 4 жасар ұлы мен 3 айлық қызы ауруханада. Кенжесі бүгін балалар ауруханасына ауыстырылған.

Мадина ЕРМАХАНБЕТОВА, Т. О.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖОҒАРЫ ҚЫСЫМДЫ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Түскен кездегі жағдайларының өте ауыр болуына байланысты сол отбасының анасы және 4 жасар баласы жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастарға көміртегі тотығының токсикалық ауыр дәрежесі, постгипаксиялық энцелофатия диагнозы қойылып, бірден ем шаралар өткізіліп, қазіргі таңда таңертең жағдайлары динамика оң өзгеріспен жақсаруымен келе жатыр.

Бір отбасын қайғы жамылдырған осы жағдайға байланысты бүгін шаһарда шұғыл жиын өтті. Жергілікті атқамінерлер оқыс жағдайдың себебіне үңілді. Оқиға орнында тиісті тексерулер жүргізген жұмыс тобының мүшелері алғашқы болжам бойынша тұрғындардың улануына газ құрылғыларының дұрыс жабдықталмауы себеп болғанын айтты. Су жылытқыш пәтердің ас бөлмесіне орнатылған.

Газға жауаптылар мен төтеншеліктер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілілгенімен нәтиже жоқтығын алға тартты.  Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін жұмысты күшейту керек деген шенділер уланудың алдын алатын амалдың бәрін қолдану керек деп отыр.

Бұхарбай ПАРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір әр үйде, әр адамның қолында өздеріңіз білесіздер телефондары бар. Сол арқылы біздер хабарлама жіберуді қолға алайық. Хабарлама берелік. Егерде жағдайы келмейтін, төмен болатын отбасылар болса аудан әкімінің орынбасарлары сол үйлердің бәрін біз аралап, көріп, осы жағдайлардың алдын алып біз тоқтатуымыз керек. 

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 7 адам уланып қайтыс болған.  Мамандар газ жүйесіндегі ақауларды жөндеумен айналысатын жекеменшік компаниялардың да жұмысын сынға алынды. Жиналғандар улану жағдайларына тікелей қатысы бар тұлғаларды жазаламасақ, өзге шарадан қайран жоқ деп тарасты.

А. Төребекқызы