$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Туберкулезге қарсы Балықшы санаториясының бас дәрігері қызметін асыра пайдаланған

AstanaTV
27.11.2019ж. 20:00
5420
Туберкулезге қарсы Балықшы санаториясының бас дәрігері қызметін асыра пайдаланған

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты мамандандырылған мемлекеттік туберкулезге қарсы Балықшы санаториясының бас дәрігеріне шағым түсті. Мекемеде жұмыс істейтін мамандар оның қызметін асыра пайдаланып, түрлі тексерісті сылтауратып, дәрігерлерден ақша жинағанын айтып отыр. Телеарнамызға хабарласқандардың айтуынша, бас дәрігер оларды заңсыз түрде ақысыз еңбек демалысына шығарып жіберген. Мекеме мамандары басшының әрекетін заңсыз санайды. Медицина өкілдері есімдерін айтудан бас тартты.

БАЛЫҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ, ТҰРҒЫНЫ:

Ақысыз демалыс көп. Науқас санын орындамадыңыз, қарызымыз көп, соны жабу керек деп, ақысыз демалысқа шығарып тастайды. Неге бітпейтін қарыз екенін түсінбейміз. Тексеріс те келеді, ештеңе шешпейді.

БАЛЫҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ, ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы, менікі 150 сағат болса, сол сағаттан 31 сағатты алып қойды. Осы айда тағы 21 сағатты ұстап қалмақ. Оның бәрі қайда кететінін білмеймін.

Ал, мекеме басшысы Асан Шохатай арызданушылардың сөзін жоққа шығарды. Тыңдайық.

Асан ШОХАТАЙ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ҚАРСЫ БАЛЫҚШЫ САНАТОРИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Телефон арқылы сізге ештеңе айта алмаймын. Пресс-секретарьмен хабарласыңыз. Ешкім ешкімді заңыз әрекетке итермелемейді. Бұл әңгімемен облыстағы еңбек инспекциясынан келіп кеткен. Олардың өзі тексеріс жүргізіп, менің әрекетімнен заңсыздық таппады.


Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Қазір Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жамаловамен телефон арқылы тікелей байланыста. Мекеме ұжымы шағым түсірдік деп отыр. Тексеріс жүргізілді ме?


Салтанат ЖАМАЛОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біздің басқармаға әзірге ешқандай шағым түскен жоқ. Бірақ аталған мәселе бойынша айналысатын арнайы комиссия құрылды. Тексеріс қорытындысы дайын болған кезде хабарын айтамыз.

Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігінің мамандары да тұрғындар шағымын қарау керек деп ойлаймыз. Біз бұл мәселені әлі де қазбалап көреміз. Сұхбатыңызға рахмет! Егер сізді де алаңдатқан мәселе болса, хабарласыңыз! Біз сізбен бірге жауап іздейміз. Сонымен қатар, егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмір арқылы хабарласып, материал жолдаңыз. Біз оны эфирден көрсетеміз.

Ғ. Өтемісов