Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбе облысындағы Шалқар көлі тартылып барады

AstanaTV
27.11.2019ж. 20:00
9316
Ақтөбе облысындағы Шалқар көлі тартылып барады

Шалқар көлі жылдан жылға тартылып барады. Ақтөбелік ғалымдар дабыл қағып отыр. Бұрын тереңдігі 15-20 метрге жететін көлде қазір екі метрге жетер-жетпес су қалған. Ал көл құрғап кетер болса, айналасына үлкен экологиялық қатер төндіріп тұр. Тілшіміз Бақыт Рахметова тарқатады.

Ақылжан Телеуов өңірдің табиғатын зерттеуші. Жуырда Шалқар өңірінен келген. Таязданып қалған көл жылдар бойы тазартылмай келген. Сондықтан табанын лай басып, батпаққа батқан. Ал айналасын түгел қамыс басыпты. Ғалым Шалқар көлінің жағдайы аянышты күйде екенін айтып отыр. Судың азаюына жер қатпарларының бұзылуы себеп болып отырған көрінеді. 

Ақылжан ТЕЛЕУОВ, Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АӨМУ ЭКОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:

Қиыршық тас зауыттарының жарылыстарынан Мұғалжар тауының қатпарлары бұзылып жатыр. Сондықтан онда жиналған қар суы бір ағынмен ақпайды. Қар суы дұрыс құйылмауымен қатар сол шыршық тастардан шыққан шаң көлге келіп қонып, лайлап жатыр. Содан судың табаны таяздана береді.  


Шалқар көлі Мұғалжар тауларынан бастау алатын Қауылжыр өзенінің суымен толығып отырады. Бірақ соңғы жылдары ағын азайған. Ғалымның айтуынша, қиыршық тас шығаратын зауыттар Қауылжар өзеніне құятын бұлақтардың көзін жауып тастап жатыр. Экологтар да өндіріс аумақтарын зерттеу қажеттігін мойындап отыр.

Жақсығали ИМАНҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Соның айналасына зерттеу жұмыстарын жүргізу керек шығар. Тас өндірісі тасты жарады. Бұлақтардың көздері жабылып қалған шығар. Мен одан су бармай қалды деп айта алмаймын. Ол жаққа 95 пайыз су қар суымен барады. Ол белгілі зат.


Бірақ эколог-ғалым қиыршық тас зауыттарынан ұшатын шаң-тозаңның құрамы зерттелмеген деп отыр. Шалқарды қазір құтқармаса кеш болуы да ықтимал. Бүгінгі күні Шалқар көлін тазату мақсатында сметалық жобалық құжаттар жасалған. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталуы тиіс. Құны 3 млрд 150 млн теңгеге бағаланған.

Әбдіғали ҚАЛПАҚОВ, «АКТЮБВОДПРОЕКТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір бастап жатырмыз. Ол тек қана аумағы 468 гектар тазартылады. Көлдің 55 пайызы шамамен жартысы болып тұр ғой. Тек сол жерді тазартамыз.

Бұл жоба арқылы көлден 3 миллион текше метр лай мен қоқыс шығарылуы тиіс. Ал ғалымдар Шалқар көлін дереу құжаттандару қажет деп отыр. Тек сонда ғана сексен жылдық тарихы бар көл мемлекеттік деңгейде қорғалмақ.
 
Б. Рахметова