Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенің құрылысы қайта жалғасты. Міндетін орындай алмаған «Baur Development» құрылыс компаниясымен келісімшарт бұзылып, үш жақты жаңа келісім жасалды. Уақытынан кешіктірілген кешен алдағы жылдың жаздан бастап пайдалануға беріледі. Жаңа нысанның басты демеушісі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қосымша қаржы бөліп, туындаған мәселенің түйінін тарқатты. Тақырыпты тілші тарқатады.
Уақытынан кешіктірілген «Восточка» тұрғынүй кешенінің құрылысы алдағы жылы толық айяқталады. Жарты жылдан бері үлескерлердің үмітін үзген құрылыс компаниясы міндетінен босатылды. Қор тарапынан бөлінген 13 млрд. теңге кейін қайтарылды. Ендігі жауапкершілік тікелей «Samruk-Kazyna construction» АҚ тиесілі. Қордың басшылары Алматыға арнайы келіп, қала әкімдігі және жаңа мердігер компаниямен үшжақты келісім жасады.
Арман ЖЕТПІСБАЙ, «SAMRUK-KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ БАСҚАРАМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Пәтер алдын ала келісімшарт жасалып, сатылған болатын. Ол қаржылардың барлығы келісімшарт бойынша, тұрғынүй заңдарына сәйкес екінші деңгейлі банктердің шоттарында. Ол қаржыны құрылысқа, басқа мақсатта жаратуға рұқсат жоқ. Сондықтан, осы кешендегі пәтер аламын деген азаматтар құйған қаражаттарын қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
1008 пәтерден тұратын 16 тұрғынүй алдағы жылдың маусым айынан бастап пайдалануға беріле бастайды. Тағы сегіз үйдің құрылысы екінші деңгейлі банктің қаржыландыруымен аяқаталады. Ал, құрылыс материалдарын тасымалдаушы мекемелер мен басқа да қарыздар осы айдың ортасында толықтай өтеліп, нысанды аяқтауға қажетті қаражат бөлінеді. Ол үшін 7,1 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Қала әкімдігі тарапынан қажетті инженерлік желі мен су құбырлары тартылады.
Қуандық АЙТМАҒАНБЕТОВ, АЛМАТЫ Қ. ЖАЙЛЫ ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда бүкіл жұмыс жасалып жатыр. Сыртқы су құбыры мен кәріз құбыры 95 пайызға аяқталып тұр. Жылу құрылғысы 25 желтоқсанда осында орнатылады. Электр желісі бойынша екі ТП тапсырыс берілді. Оны да 25 желтоқсанда осында қоюымыз керек. Кабельдік жұмыстар да 30-40 пайызға бітіп тұр.
Айта кетейік, «Восточка» тұрғынүй кешенінің құрылысы алғашқы жоспар бойынша осы жылдың мамыр айына жоспарланған. Жаңа пәтерлерді тапсыру бір жылға шегерілді. 477 пәтерді сатып алу үшін қаржысын құйған үлескерлердің де мәселесі шешім тапты. Тұрғындардың баспанаға деген жинақтары сақтаулы. Оны банктегі шоттан шешіп алуға да, осы пәтерді сатып алуға да пайдалана алады.
А. Кемелжан