Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда көктайғақтан бір тәулікте 400-дей адам жарақаттанған

AstanaTV
06.12.2019ж. 20:00
2709
Қарағандыда көктайғақтан бір тәулікте 400-дей адам жарақаттанған

Қарағандыда көктайғақтың салдарынан бір тәулікте 400-дей адам жапа шеккен. Одан бөлек 30 шақты көлік апаты болып, 7 адам жарақаттанған. Полицейлер мұндай ауа райында жүргізушілерге жылдамдықты шектеп, ал жаяу жүргіншілерге абайлап жүруге кеңес береді.

Қарағандыда бірнеше күннен бері ауа райы мың құбылып тұр. Бірде жаңбыр, бірде көктайғақ, енді бірде қар жауып тұр. Дегенмен көктайғақ кезінде бір тәулікте 30 шақты жол апаты тіркелді. 7 адам жарақаттанса, 3- еуінің халі ауыр. Полиция бұған жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы себеп болды деді.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қарағанды облысының полиция департаменті көлік жүргізушілерді, жолда сақ болуға, жылдамдықты шектен тыс асырмауға және жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай- ақ жаяу жүргіншілердің назарына жолдан өткен кезде абай болып, тайғақта көліктің тежегіш жолы ұзарататынын ескертеміз.

Жол апатын былай қойғанда, көшеде тайып құлап жарақаттанғандар да көп. Соңғы бір тәулікте 400-дей адам түрлі дәрежеде жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген.

Ерік ШОНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ Х. МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Амбулаторлық жарақаттар көбейді. Тайып құлап денелерін жарақаттап немесе сіңірлерін созып алғандар көп. Әсіресе соңғы екі күнде ауруханаға біраз науқас түсті. Ал жол апаттарынан 3 адам ауыр жағдайда ем алып жатыр. Жалпы бір аптада көлік қақтығыстарынан 86 адам жарақаттанды.

Синоптиктер құбылмалы ауа райы желтоқсан айының аяғына дейін сақталатынын болжап отыр. Ең төменгі температура -12 -15 градустан аспайды,- дейді.

Анастасия ПОЛЯНСКАЯ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР- СИНОПТИГІ:

Бүгіннен бастап аздап суытады, 3 күн бойы 5-10 градус суық болады. Сосын қайта жылынады.  Соңына қарай кей жерлерде күн 12-15 градусқа суытады. Көктайғақ, тұман, секундына 15-20 метрге дейін жел сақталады. Негізі желтоқсанда ауа райы осылай құбылып тұрады. Бұл - Иран секілді Орталық Азия елдерінен келген циклонның әсері, артынан Ресейден суық циклон келіп алмасып тұрады. Яғни, біресе жылытып біресе аздап суытып отырады деген сөз.

Мамандар бұл жыл сайын болатын қалыпты жағдай деді. Ал нағыз аяз қаңтарда басталатынын жеткізді.

А. Қуаш