Қызылорда облысы буферлік
аймақтар қатарынан шығады. Демек ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алмақ. Бұл
туралы облыс басшысы Қырымбек Көшербаев "100 нақты қадам" ұлт жоспарын жүзеге
асыру бойынша өткен брифингте айтты.
Қазақстан мен Ресей
ветеринарлық қызметтерінің 2011 жылғы наурыздағы шешіміне сай, Өзбекстан,
Қырғызстан мен Қытайға көрші орналасқан 5 облыс буферлік аймаққа жатқызылған.
Яғни ет өнімдерін сыртқа шығаруға тиым салынған еді. Мұны шешу үшін, малды
вакцинациалау кең көлемде жүргізілді. Нәтижесі жаман емес,- дейді өңір басшысы.
Айтуынша, облыстың ет экспорттауға әлеуеті жеткілікті. Осы бағытта ұсақ мал
өсіру кешені, мал бордақылау алаңы мен ет комбинаты құрылысы жүріп жатыр. Жыл
соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда
облысының әкімі:
Халықаралық ұйымның барлық
экспертизасынан өтті, ауыл шаруашылық министрлігінен сол халықаралық ұйымның
адамдары Қызылордада, Астанада жұмыс жүргізді. Тиісті сараптамалық қорытынды алынды. Бірінші мамырдан бастап біз осы буферлік аймақтан шығамыз. Бұл бізге мал шаруашылығын қарқынды дамытып, ауыл шаруашылық
өнімдерін қайта өндеудің өрісін кеңейтуге, ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік
береді.
Шарипа САҚТАПОВА