Баласын егеуқұйрықтарға жем қылған безбүйрек ана табылған жоқ. Алматылық полицейлер іздеу жұмыстарына кірісті. Жаңа туған шақалақтың денесі Сайран көлі маңайындағы бос ғимараттың аумағынан табылған. Мәйітті егеуқұйрықтар кеміріп тастаған. Алдын ала болжам бойынша, шақалақтың онда жатқанына үш тәулік болған. Жантүршігерлік іс бойынша арнайы тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Мамандар нәрестенің қалай шетінегенін анықтап жатыр.
Евгений ЛЫСЕНКО, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған факты бойынша Алмалы аудандык полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-тергеу тобы құрылды, жуық арада шарананың анасы және нәрестенің қалай қайтыс болғандығы анықталады.
2009 жылдан бері қараусыз қалған нысанды кәсіпкер қаржылық қиындықтарға байланысты аяқтамаған. Бұл ғимарат қаңғылардың мекеніне айналған. Нәрестенің мәйітін қала тұрғындарының бірі тауып алған. Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары қылмыс болған ғимаратты сүруге заңды құқығымыз жоқ деп отыр.
Дархан АКУБАЕВ, АЛМАТЫ Қ. ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Аталған нысанның құрылыс жүргізу құжаттары бүгінгі күнде жарамсыз болып табылады. Құрылыс нысаны талап бойынша бөгде адамдар кіре алмайтындай оқшауланып, қоршалуы қажет. Біз оны нысан иесінен талап етеміз. Оны сүру үшін заң бұзу фактісі немесе жерді заңсыз пайдалану туралы дәлелдер және соттың шешімі қажет.
А. Кемелжан