Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сыр бере бастаған

AstanaTV
11.10.2017ж. 20:00
2689
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сыр бере бастаған

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сыр бере бастаған.  Көпқабатты үйлердің тұрғындары пайдалануға берілгеніне 3 жыл ғана болған баспаналарының төбесінен су ағатынын айтады. Ал соңғы екі ай бойы подъездердегі жарық өшіп, жеделсаты да жұмыс істемей тұр. Тұрғындардың жанайқайын Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл үйлерде 500-ден астам жуық пәтер бар. Олардың көбі баспананы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасымен «Самұрық-Қазына» арқылы алған. Тұрғындар 15 жыл бойы пәтерлердің аумағына қарай 45-тен 95 мың теңгеге дейін төлеулері керек. Дегенмен, баспананың бағасы сапасына сай болмай тұр дейді тұрғындар.

Жасы 60-тан асқан Әбиболла Шабылов соңғы қабатта тұрады. 3 бөлмелі пәтерді осыдан үш жыл бұрын алыпты. Ай сайын үздіксіз 95 мың теңгеден төлеп келеді. Денсаулығы сыр бере бастағалы баспалдақпен көтерілу де қиынның қиыны дейді. Ол жаңбырлы күндері төбеден аққан сумен алысатындарын айтады. Мына кадрлар сондай күндердің бірінде түсіріліпті.

Әбиболла Шабылов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Қалай қар кетті, солай су кетті 7 этаждан. Біз айта-айта шаршадық. Барып көрсеттік, қанша не істдік. Білмеймін кім виноват екенін. Төбені көріңіз, менің қасымда жас семья тұрады. Ауылына кетіп қалды, міне. Кеше құттай баласын алып қырқынан шықпаған, тұра алмай кетіп қалды.

Жығылғанға жұдырық. Жаңа баспанаға ие болғандар қазір мойындарына қомақты қарыз ілінгенін айтады. Ай сайын төлейтін коммуналдық өтемақыға қоса «Энергоснаб» серіктестігі 5 миллион теңге қарызды да бөліп төлеуді талап етіп отыр. Соңғы екі ай бойы бұл үйлердің подъездерінде жарық жоқ, жеделсаты да жұмыс істемейді. Бұл әсіресе жоғарғы қабаттарда тұратын қарттар мен балалы әйелдерге өте қиын дейді тұрғындар.

 Арман Ахметов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Қазіргі таңда мына үйдің проблемасынан, бардактан халық шаршады. Күнде, постоянно ай сайын проблема шығып тұрады. Біресе отопление сөнеді, біресе свет, біресе су. Қазіргі таңда ең бірінші проблема үйдегі подъездердегі лифт пен светтің сөніп тұруы.

Ал, қала әкімдігінің өкілдері қазір бұл үйлерге қызмет көрсетуші компанияның жұмысын тоқтатқанын айтады. Қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының сөзінше, тұрғындардың өздері пәтер иелері кооперативіне төлейтін 2 мың теңге шамасындағы ақшаны уақытылы бермегендіктен, қомақты қарыз жиналып қалған. Егер бұл қарыз төленбесе, тұрғындарға жеделсаты мен жарық берілмейді. Ал үйдің төбесін жақында жөнделеді, - деді әкімдік өкілдері.

Қайдар Ермашев Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Қазіргі уақытта «Энергоснаб» ЖШС-мен акт сверки жасалып жатыр, осы қорытындысы бойынша тұрғындарға әрбір пәтерге счет беріліп, аталған бес млн жуық қаржы өтеледі деп отырмыз. Төбеге келетін болсақ, «Самұрық-Қазына» мекемесімен қазір қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігер белгіленіп, төбесін жөндеу жұмстары басталып жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір  пәтер иелері кооперативімен және басқарушы компаниямен алысып шаршаған 40-қа жуық тұрғын пәтерлерінен бас тартуға бекінген. 

Жақсыбек КЕМАЛ