Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда "Жайық" өзенінен тағы өлі балықтар табылды

AstanaTV
20.12.2019ж. 20:00
3812
Атырауда "Жайық" өзенінен тағы өлі балықтар табылды

"Жайық" өзенінде тағы да балық өлімі тіркелді. Атыраулық тұрғын мұз астында өліп жатқан балықтардың видеосын әлеуметтік желіге жариялаған. Қазір тиісті орган мамандарынан комиссия құрылып, зерттеу жұмыстары басталып кетті.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әлеуметтік желіге тараған видео аймақтағы балық қорғаушыларды аяқтан тік тұрғызды. Арнайы комиссия құрылды. 

Бұл - "Жайықтың" Тұрғын үй қалашығы маңындағы жағалауы. Осы жерде Атырау мұнай өңдеу зауытының су айдайтын қондырғысы орналасқан. Әуесқой түсірілім осы маңда жасалған.  

Мамандар 3 шақырым  аумақты шолып шықты. Мұз астында қатқан 17 балықтың өлексесін шығарды. Оның 15-і қылышбалық, мөңке және табан балықтары. Балық қорғау саласы өкілдері «су маржандары уланбаған»- деп отыр.

Арман МОЛДАШЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Мұз айдынында заңсыз салынған ау құралдарынан шығарылған деген ой бар. Себебі кейбір балықтардың қабыршақтары жоқ. Кейбір балықтарда сетканың іздері бар. Балықтардың сырты бірнеше уақыттан балшық болып тұрып қалған ешқандай қозғалыссыз.

Балық қорғаушылар 17 балық өлді дегенмен, осы аумақта жасалған тағы бір түсірілімде 50 шақты балық өлексесін көруге болады. Балық өлімінің себебін сараптама қорытындысы анықтамақ.  Мамандар балық өлген аумақтан су сынамасын алды. Жиналған балықтар бірден зертханаға жіберілді. Атыраулықтар осыдан 1 жыл бұрынғы жаппай балық қырылу дерегін ұмытқан жоқ. Ол кезде өңірдегі 118 тонна балық қырылып қалған болатын. Оның 108 тоннасы тауарлы бекіре өсіру зауыттарының өнімі еді. Қалғаны "Жайық" өзенінен табылған.

Артынша Қылмыстық Кодекстің 3 бірдей бабымен іс қозғалып сотқа жетті. Бұл мәселе бойынша «Атырау су арнасы» мекемесінің сол кездегі басшылары жауап беріп жатыр. Соттың шешімі келесі апта шығуы мүмкін.

Б. Надирқызы