Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжарда пәтер құны тым қымбаттап кетті

Қызылжарда пәтер құны тым қымбаттап кетті

Қызылжарда пәтер құны қымбаттады. Риэлторлардың мәлімдеуінше, былтырғы жылдан қарағанда тұрғын үйдің бағасы шамамен бір жарым есеге көтерілген. Осының кесірінен жас отбасылар баспананың бастапқы жарнасын жинай алмай, жалдамалы пәтерді паналап жүр, дейді олар. Тұрғын үйдің қымбаттауына не себеп? Билік тарапы бұл мәселені қолға ала ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тұрғын үй нарығын саралап көрді.

Жамбыл ауданының тұрғыны Любовь Карманованың екі баласы Петропавлдағы жоғары оқу орындарында оқиды. Қос студент ай сайын 50 мың теңгеге пәтер жалдауға мәжбүр. Балалары панасыз отырмау үшін анасы екі жыл бұрын қаражат жинауды қолға алған. Бірақ тұрғын үйдің құны күрт қымбаттап кеткендіктен, ол бастапқы жарнаны жинай алмай әуре.

Любовь КАРМАНОВА, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Петропавлда пәтер құны тым қымбат. Оның бағасы жалақының деңгейімен сәйкес емес. Менің ай сайын жинайтын ақшамды инфляция жеп қойып жатыр. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтердің бастапқы жарнасы 20 пайыз. Қазір соның өзін жинау қиынға соғып отыр.


Бүгінде Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеріп жатқан тұрғын үйдің әрбір шаршы метрі 140 мың теңгеден сатылса, коммерциялық баспаналардың құны 200 мың теңгенің маңайында. Ал екінші нарықтағы үйдің бағасы бұдан екі есе қымбатқа саудаланып жатыр. Риэлторлар бағаның тым шарықтауына сұраныстың күрт артуы себеп, дейді олар.

Әсел БАТАЛОВА, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 
Соңғы бір жарым жылдың ішінде баспана хит, бақытты отбасы, орда хит, әскери тұрғын үй сияқты мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Ізінше екінші нарықтағы пәтерлерге сұраныс артты. Былтырғы жылдан қарағанда аталған пәтерлердің бағасы 20-40 пайызға қымбаттаған. Бүгінде нарықта тіпті пәтер тапшылығы байқалып отыр.


Қаланың кейбір тұрғындары нарықтағы қарбаласты пайдаланып, баспана құнын жасанды түрде қымбаттатып отыр. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған мына үйдің кейбір тұрғындары пәтерді шамамен жеті жарым миллион теңгеге сатып алып, бүгінде оны дәл сол қалпында 17 000 000 теңгеге саудалап отыр.

ҮЙДІҢ ИЕСІ:

Бұл нарықтық баға. Мен ас үйдің жиһазын орнатып, жаңа линолеум төседім. Қазір үйді сатқаннан кейін, қаланың орталық маңайында бұдан арзан пәтер таба алмаймын. Сондықтан осындай бағаға сатып отырмын.

Аймақ атқамінерлері болса, баспана бағасының шарықтауына ескі үйлердің жаппай сүрілуі түрткі болды деп санайды. Мемлекеттік мұқтаждық үшін жер телімін алу үшін әкімдік үй иелеріне екінші нарықтағы тұрғын үйден баспана сатып алып отырған болатын. Билік өкілдері енді бұл жүйеге реформа енгізуді көздеп отыр.

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Ендігі жылы біздің өңірде көптеген ескі үйлердің сүрілуі жоспарланып отыр. Бүтін бір ауданның орнына жаңа тұрғын үй кешендері тұрғызылады. Сол ескі үйлердің иелеріне жаңа пәтерді екінші нарықтан емес, жаңа үйлерден беру керек. Бұл тұрғын үйдің жасанды түрде қымбаттауына кедергі болады.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

 
Бүгінде Қызылжардағы екінші нарықтағы тұрғын үйдің құны елордалық бағамен теңескен. Риэлторлар пәтер мәселесін әлеуметтік салаға жатқызуды жөн деп санайды. Олар тығырықтан шығу жолы ретінде нарықтағы бағаны қадағалайтын бір мемлекеттік мекеменің құрылуын қалап отыр.


А.Құрманкин