$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда пәтерінен айырылған бір топ тұрғын Ел Президентіне бейне үндеу жолдады

AstanaTV
24.12.2019ж. 20:00
2268
Павлодарда пәтерінен айырылған бір топ тұрғын Ел Президентіне бейне үндеу жолдады

Павлодарда алаяқтардан пәтер сатып алып, не ақысыз не пәтерсіз қалған бір топ тұрғын Ел Президентіне бейне үндеу жолдады. Бейнежазбада тұрғындар айдың-күннің аманында баспанасыз қалғандарына жергілікті атқамінерлерді кінәлайды. Олардың сөзінше, дер кезінде тексеру жүргізілмегендіктен, қараусыз қалған пәтерлер алаяқтардың олжасына айналған. Енді сот шешімімен үй иелері баспаналарын босатып берулері тиіс. Мәселеге әріптесім Өзгеріс Қуанар үңіліп көрді.

Амалы таусылғандардың бірі  - Яна. Ол 2017 жылы 4 млн. теңгеге бір бөлмелі пәтер сатып алған. Енді ғана баспанаға қолы жеткен кезде әкімдік бұл үйдің құжаты жалған деп тұрғынды сотқа беріпті. Соттан жеңіліс тапқан олар енді қайда барарларын білмей жүр.

Яна  ФОМИНСКИХ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пәтерді балансқа алып, дер уақытында тіркемеген құзырлы мекеменің жұмысы үшін біз неге жауап беруіміз керек. Неге біз зардап шегуіміз тиіс! Менің пәтерім 12 жыл бойы тіркеуге алынбаған. Бірақ, мен оны білмедім.  Алаяқтар маған сатып жіберді. Менің бір түсінбейтінім, алаяқтар қалада қай пәтердің бос қалғанын қайдан біледі. Бұл ақпаратты сол мекемеде жұмыс істейтін адамдар ғана білуі керек ақпарат ғой. Осыған қарағанда, бір құйтырқы әрекет бар осы мәселеде.

Бейнежазбада тұрғындар ел басшысына араша түсіп, әділ шешім шығаруға көмек көрсетуін сұрады. Әйтпесе 5 бірдей отбасы баспанасыз қалмақ.

Айта кетейік, бұл мәселе бойынша  тұрғындар біздің арнамызға бұған дейін де шағымданған болатын. Бірақ, сот тұрғындардың өтінішін қанағаттандырмады.

ГУЛАР САҒИДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ:
 
Бұл іс бойынша сот аппелициялық шағымды өзгеріссіз қалдырды. Өйткені, шағымданушылардың  ісі қанағаттандырарлықсыз. Шешім шығарылған күннен бастап күшіне енеді.

Ал  әкімдік өкілдері  мәселеге қатысты пікір білдіруге құлықсыз. Енді тұрғындар Ел Президентінен бір көмек боларына сенімді.

Ө. Қуанар