Негізгі / Жаңалықтар / Алматыдағы барлық электр желілері сандық жүйеге көшті

Алматыдағы барлық электр желілері сандық жүйеге көшті

Алматыдағы электр желілері сандық жүйеге ауысты. «Самұрық-Энерго» АҚ-ға қарасты "Алатау Жарық Компаниясы" аудандық диспечерлік орталықтарда ауқымдыжөндеу жұмыстарын жүргізді. Енді мамандар электр желілерін, стансалар мен басқа да жүйелерін онлайн бақылай алады. Нәтижесінде, апаттық жағдайдың алдын алу мүмкіндігі артты. Айта кетейін, жұмыс өнімділігін арттыруға арналған жоба елде алғаш рет қолға алынып отыр. Жаңа диспечерлік орталық туралы келесі  бейнематериалда толығырақ баяндалады.

Бұл сандық бейнетақта - Бостандық ауданындағы электр қуатын бақылауға арналған жаңа жүйе. Мұндай мамандандырылған орталықтар әр ауданда іске қосылған. Осыған дейін электр желілері мен стансалардағы апатты жағдайлар қолмен реттеліп келді. Қазір барлық ақпарат компьютерлік бағдарлама арқылы жүзеге асады. Диспечер бір орында отырып барлық ақпаратты көріп, қажетті шараны жедел қолдана алады.

Берік САҒЫНДЫҚОВ, «АЖК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ-БАС ИНЖЕНЕР:

Бүкіл ақпаратты енді диспечер өз орнынан көре алады. Бұрынғыдай немашитқа жақындап, қарап қай жерде жұмыс істеп жатқанын белгілемей өзінің орнынан аша алады. Әр ТП-ның ішіне кіріп, телеметриясын көре алады. Қандай кернеу болып тұр, ашық па, жабық па? Өртке қарсы жүйе барлығы орнатылған.


«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы іске асырып отырған өндірісті цифрландыру бағдарламасы аясында"Алатау жарық компаниясы" диспечерлік орталықтарды цифрландыру үшін 1 млрд. теңге жұмсаған. Заманауи жүйеге ауысу жұмыстары екі жыл бұрын қолға алыныпты. Қазір қаладағы барлық электр желілері мен трансфоратордағы ақпарат онлайн жүйе арқылы орталыққа түсіп отырады. Апатты жағдайдың алдын алу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыты да қысқарған.

Жазира ОҚАС, «ATI GROUP» ЖШС ИНЖЕНЕРІ:


Барлығы 700 ТП-ға телемеханика шкафын қойдық. Осы ТП-дан диспечер әртүрлі сигналдарды көре алады. ТП-ны ашып, шкафты көре алады. Және де кернеуді көре алады. Диспечерге керекті трансформатордағы ақпаратты қарап көре алады.  Бұл Алматы қаласында бірінші болып жатқан обьект. Барлық жеті РЭС-те осындай жөндеу жасадық. Видеоқабырға қойылды.

Заманауи құрылғылармен жабдықталған сандық жүйенің қауіпсіздігі де қамтамасыз етілген. Ақпаратты орталықтағы мамандар ғана көріп, бақылай алады. Ендігі жоспар диспечерлік орталық мамандарының мүмкіндігін арттыру. Яғни, олар электр желілерін бақылау ғана емес, оның қуатын орталықта отырып басқаруға қауқарлы.
 
А. Кемелжан