Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Алматыда саудагер пышақталды

AstanaTV
10.01.2020ж. 20:00
3659
Алматыда саудагер пышақталды

Алматы базарларының бірінде саудагерлерге пышақ сермеген адам психикалық науқас. Бұл туралы полиция ақпарат таратты. Ол суық қаруды сөмкесіне салып өзімен бірге алып жүрген. Достық ықшам ауданында болған оқиға жайлы тілшіміз толықтырады.

Мына кадрлар екі күні бұрын түсірілген. Куәгерлер түсіріпті. Белгісіз адам саудагерлерді балағаттап, артынан пышақпен қорқытқан. Тіптен біреуіне қанжарды сермеп үлгерді. Базардағылар бірден полиция шақыртқан.

Махинур ХАЛИЛОВА, КУӘГЕР:

Мына жақтан ана кісі айқаймен шықты. Ізінен сатушы қыз шықты. Қызды ұрғанын көрген жоқпын. Мұнда келген соң қызға қарай сөмкесінен пышақты алып жүгірді. Сосын інісі келді «әпкемді неге ұрасың?» деп. Сосын пышақты алып тығып жіберді, боқауыз сөздерді айтты бірталай.

Пышақ жарақатын алған саудагерге алғашқы көмек көрсетілген. Жеңіл жарақат болған соң үйіне босатылыпты. Базарды шулатқан адам да  құрықталыпты. Ол 2011 жылдан бері психикалық денсаулық орталықта тіркеуде тұрады. Оның саудагелерге не үшін шабуыл жасалғаны әзір белгісіз.

Евгений ЛЫСЕНКО, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жедел іздестіру шарасын жүргізу кезінде күдікті ретінде ер адам ұсталды. Ол 2011 жылдан бастап психиатриялық диспансерде параноидтық шизофрения диагнозымен есепте тұрған. Жедел медициналық жәрдем бригадасы пышақпен шабуыл жасаған ер адамды қалалық «Психикалық денсаулық орталығына» жеткізілді.

Аталған дерек бойынша тергеу жұмыстары басталған. Қылмыстық Кодекстің 293-ші бабы 2-тармағы, яғни суық қару пайдаланып, адам денсаулығына зиян келтіру бойынша іс қозғалды.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Қылмыс дәлелденсе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ұсталған азаматтың науқас екенін ескерсек, оның жазаға тартылу немесе жазадан құтылуын сот қана шеше алады.
 
А. Кемелжан