Шымкент зообағы мысықтектес лемурмен толықты. Оның лақап аты - «Джулиан». Приматтар отрядына жататын кішкентай ғана тіршілік иесі жергілікті хайуанаттар бағының тарихында бұрын-соңды болмаған. 9 айлық «Джулиан» мұнда таяуда ғана Алматы зообағынан айырбас ретінде әкелініпті. Шымкент зообағына келгеніне көп болмаса да ол өзінің жаңа орнына тез үйренісіп, өзіне арнайы қараушы маманмен де достасып алған. Бір орында байыз тауып тұрмайтын жыбырлақ жануар бейнесі көпшілікке «Мадагаскар» мультсериалынан жақсы таныс. Кіп-кішкентай ғана сүйкімді хайуанды көруге ынтыққандар қатары күн өткен сайын артып келеді,- дейді зообақ қызметкерлері. Айта кетейін, лемурлар негізінен Мадагаскар аралының оңтүстігі мен оңтүстік батысын мекендейді. Ол жеміс -жидек, көкөністер мен піскен тауық етімен қоректенеді.
Зейнеш ӘШІРБАЕВА, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Біздің «Джулиан» -аталық. Енді осы жайға орнығып, ертең өскенше оған сыңар табамыз. Осы жерден көбейтеміз. Келушілерді қуантамыз. «Джулиан» жас бала сияқты бір орнында тұрмайды. Келушілерді осы өзінің қылығымен қызықтыруда.
А. Төребекқызы