Қазақстан Қытайдан шыққан короновирустың алдын-алу үшін арнайы тест-жүйе әзірлеп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин айтты. Қазір көрші елде белгісіз індетке шалдыққандар саны 200-ге жеткен. Тіпті вирус шекара асып, таяу маңдағы Таиланд, Корея, Жапонияға тарап үлгерді. Дүниені дүрліктерген қатерлі вирус жайлы толығырақ әріптесім тарқатады.
Қытайда ахуал ушықты. Ауруға шалдыққандар күн санап артып барады. Дәрігерлер ауру жұқтырғандармен байланысқан 700-ден астам адамды оқшаулаған. Қауіпті вирус көрші Корея мен Таиландқа да жетті.
Анутин ЧАРНВИНАКУЛ, ТАИЛАНД ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Қазір емделушілерге қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ олар белгілі бір процедурадан өту керек. Біз адамдарға Қытайға саяхат кезінде сақтық шаралары туралы ескерту жасадық. Бірақ оларға саяхат жасауға тыйым сала алмаймыз. Індетке шалдығуы мүмкін күдіктілерді тауып, қызмет көрсету орталықтарына емдеуге жеткізуді жіті қадағалаймыз.
Чон ЕН КЕН, АУРУЛАРДЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КОРЕЙ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ауруларды бақылау және алдын алу бойынша Корей орталығы пациенттен алынған жаңа коронавирустық инфекция диагнозының бар екендігін растады. Расталған пациентке карантин жарияланды. Онымен жанасқан адамдардың шеңбері, оның ішінде жолаушылар мен ұшақ экипажының мүшелері тексерілетін болады.
Бұған дейін Қытайда коронавирустың жаңа түрінен үш адам қаза тапты. Ухань қаласының муниципалдық билігі әуежайларда, темір жол және автобус бекеттерінде тепловизор аппараты орнатылғанын айтты. Қалада қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру және желдету шаралары қолға алыныпты.
Гэн Шуан, ҚЫТАЙ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Егер басқа мемлекеттерде симптомдары бойынша ұқсас жағдайлар кездессе, бірігіп жұмыс істеуге әзірміз. Денсаулық сақтау саласындағы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті тараптармен аурудың алдын алу және бақылау бойынша бірге жұмыс істей алатынымызды ресми арналар арқылы хабардар етеді деп үміттенеміз.
Қазақстандық дәрігерлер да құпия вирустың таралуына алаңдаулы. Елде вирусты анықтап, залалсыздандыру үшін тест-жүйе әзірленіп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы оны дайындауға 1 жарым ай кетеді деп отыр.
Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ухань қаласынан тікелей рейс жоқ. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан Қытайға 5 рейс қатынайды. Олардың барлығын бақылауға алдық. Келген жолаушылар міндетті байланыссыз термометриядан өтеді. Дистанциялық термометрия кезінде 13 мыңнан астам жолаушыны тексердік.
Ал туристер қауіп сейілгенше Қытайға бармағаны жөн. Мамандар барғанның өзінде халық көп шоғырланған жерлерден алшақ жүруге кеңес берді.
Ғ. Өтемісов