$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қытайдағы емі жоқ вирустан 17 адам көз жұмды

AstanaTV
23.01.2020ж. 20:00
3280
Қытайдағы емі жоқ вирустан 17 адам көз жұмды

Қытайдағы ылаңның салдарынан 17 адам көз жұмды. Бұл ресми ақпарат. Бірақ Қытай Халық Республикасы аурудан қайтыс болған адамдардың санын жасырып отыр деген бейресми ақпаратта тарап жатыр. Осы жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеме жасады. Емі жоқ вирус қандай жағдайда жұғуы мүмкін? Қазақстанда ауруға қарсы алдын алу шаралары қалай жүріп жатыр? Асылбек Данияр жауап іздеп көрді.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Дүниежүзін дүрліктірген "SARS" А-типтегі пневматикалық вирусты жұқтырғандары көбейіп келеді. Ресми деректер науқастар саны 600-ден асқанын хабарлады. Басым бөлігі індет ошағы болған Хубей тұрғындары екен анықталған. Қазіргі уақытта 95 науқастың жағдайы мүшкіл. Аурудың құрбандары да күн санап артуда.

Қазіргі таңда коронавирустың жаңа түрі Қытайдың 25 провинциясы мен қаласында тарап кеткен. Қатерлі індет Қытай аумағынан сыртқа да шығып үлгерді. Жапония, АҚШ, Таиланд, Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг пен Австралияда да вирус жұқтырғандар анықталыпты. Тіпті Ресей аумағына да жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл мәселеге алаңдаулы. 

Тедрос ГЕБРЕЙСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жағдайға қатысты төтенше жағдай жариялау немесе жарияламау бұл біз үшін өте маңызды шешім. Сондықтан біз мұндай шешім қабылдамас бұрын көп ақпараттың анық-қанығын білуіміз шарт. Қазір Төтенше жағдайлар Комитетімен біргесіп жұмыстар жасап жатырмыз.

Бізде әзірге жағдай бықалауда. Бас санитар дәрігері бүгін БАҚ өкілдерін тағы жинап, жағдайды баяндады. Ол коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің жоқтығын жеткізді. Айтуынша, вирустың адамға әсер ету жылдамдығы тым жоғары. Індетті жұқтырғандардың басым бөлігі теңіз өнімдерін, жабайы аңдар мен құс еттерін тұтынатындар деді. 

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Коронавирус анықталған жағдайда, күдікті науқасты ең алдымен оқшаулау керек болады. Бұған қарсы вакцина әлі әзірленген жоқ. Арнайы екпе әзірлеу үшін 1 жылға дейін уақыт керек. Бұл оңай емес. Бізде бақылау күшейтілуде. 13 мыңнан астам жолаушыны тексердік. Абырой болғанда бізде мұндай жағдай тіркелген жоқ.

Айта кетейін Қытайдан Қазақстанға 40-тан астам әуе рейсі қатынайды. Бұл бағыттағы жолаушылардың барлығы арнайы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік арнайы тепловизормен тексеріліп жатыр.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қытайдағы індеттің ушығуына байланысты денсаулық сақтау мамандары дабыл қағуда. Егер де дене қызуы, суық тиюдің белгілдері байқалса жедел түрде дәрігерге жүгінуге кеңес береді. Тіпті, адамдар көп жиналатын жерлерде арнайы бетперде тағып алу абзал деді. 

А. Данияр