Әкімдер мен министрлер істі аяқсыз қалдырды. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Әсіресе, азық-түліктің қымбаттауына жол бергендерін сынға алды. Несиені беруде жүйе жоқ. Зейнетақы қоры мен енді ғана енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында да шикілік көп, деді. Айя Мүтәлі тарқатады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы әдеттегідей әр шенеуніктің есеп беруімен басталды. «Өсім бар, бәрі жақсы» деп қолындағы құжатын оқып беруден жалықпайтын шенділердің кемшілігін Президент өзі жеткізді. Биыл азық-түлік бағасы 10 пайызға өскен. Ал, халықтың табыс сол күйі қалғанын айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Я давал поручения работать с ценами. К сожалению, констатирую, что и соответствующие министры, и акимы эту работу провалил.
Президент әр шенеуніктің атын атап, түсін түстемеді. Дегенмен, жұмыс орындалмаған. Бұдан бөлек, елдегі қаржы жүйесінің де құрдымға кетіп жатқандығын да тілге тиек етті. Оған қазақстандықтардың несие алып, қарызға белшеден батып жатқаныдығы себеп екенін жеткізді. Президент бұның арты үлкен қиындықтыр тудыруы мүмкін деп отыр. Сондықтан, банк жүйесіне біршама өзгеріс енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Несие нақты төлей алатын адамдарға ғана берілуі тиіс. Бізде жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері 1,4 трлн теңгеге ұлғайды. Ол толық қайтарылатыны күмән тудырады. Ал заңды тұлғалардың несиелері 590 млрд теңгеге төмендеді.
Зейнетақы қорындағы қарама-қайшылықтар да сөз болды. Мәселені жазға дейін шешпекші.
Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Президент жұмыс тобының ұсыныстарын қабылдады. Бүгінгі таңда 200 мыңға жуық адам жиналған ақшаны алып, баспана сатып алуға, емделуге жұмсай алады.
Мемлекет басшысын алаңдатқан тағы бір мәселе - міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры. Қасым-Жомарт Тоқаев енді ғана енгізілген жүйенің тиімділігіне күмән келтіріп отыр. Оның айтуынша, кейбір облыстарда жұмыс сапасыз атқарылған. Осы сынға жауап беруге ұмтылған бойшаң Денсаулық сақтау министріне мемлекет басшысы отырып сөйлеуге рұқсат берді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жүйені енгізу барысында бірде-бір адам мемлекеттік органдардың кемшіліктері үшін медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылмауы тиіс екенін ескертемін!
Елдегі проблемалар тізбегі бұнымен біткен жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің зорлыққа ұшырауы азаймай келе жатқанына алаңдаулы.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау керек. Әкімдерге биыл мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерді 100 пайызға бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды тапсырамын. Таразда болған оқиға - масқара!
Президент Алматы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге тез арада өтемақы төлеуді тапсырды. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр сақтандырылған барлық жолаушыға қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жүзеге аспақ. Сонымен қатар, Қасым Жомарт Тоқаев ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Қымбат көліктер мен жиһаздар алуға, сонымен қатар, түрлі форумдар, семинар мен мәслихаттар өткізуге кететін шығындарға ұзақжылдық мораторий жариялауды ұсынамын. Іс-шаралар тәжірибелік әрі идеологиялық пайдаға жарауы керек.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Үкіметтің кеңейтілеген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірде-бір шенеунікке сөгіс жариялаған жоқ. Дегенмен, шикіліктің көп екенін айтты. Көктемде өтетін басқосуға дейін бар олқылықтың шешімін табуды тапсырды. Әйтпеген жағдайда, қызметтен босатылатындығын жеткізді.
А. Мүтәлі