Павлодар облысында 16 бас малды қасқыр қырып тастапты. Бұл туралы телефон арқылы арнамызға хабарласқан Шарбақты ауданының тұрғыны айтты. Алайда, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мұны жоққа шығарып отыр. Шыны керек соңғы кезде әлеуметтік желі арқылы қасқырлардың елді-мекендерді торуылдап жүргені жайлы бейнетаспалар жиі тарауда. Таспадағы жануарлар түз тағысы ма? Әлде ит пе? Тілшіміз сауалға жауап іздеп көрді.
Бұл суреттерді Шарбақты ауданы Сынтас ауылының тұрғыны түсіріп алған. Оның күдігінше қойларына қасқыр шапқан. Өйткені, ит мұншама малды қырып тастауы мүмкін емес деп отыр.
Андрей БОРИСОВ, ШАРБАҚТЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кешкісін малды жайғауға шыққам. Қой-қозылар аулада қырылып қалыпты. Кейбірінің ішек қарнын жарып жеп, кейбірін тамағынан бауыздап кеткен. Менің ойымша, бұл қасқыр. Әйтпесе, ит бұлай талап кетуі мүмкін емес жағдай.
Ал Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қойды қасқыр шапқаны дәлелденбегенін айтады. Бұл қабаған иттердің ісі болуы да мүмкін деген болжам айтты.
Владимир ПЕРЕСКОКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Тіпті үйге баратын жолда жоқ. Біз жаяу әзер бардық. Ешқандай із де байқамадық. Сондықтан бұны қасқыр деп айту қиын. Итте осылай жасауы мүмкін ғой.
Кешелі-бері әлеуметтік желіде «Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде қасқырлар жүр» - деген хабарлама лезде тараған болатын. Жұрттың үрейін қашырған ақпаратты қалалық әкімдік өкілдері жоққа шығарды. Алайда, олар Жолқұдық бекетінің маңындағы шойын жолда 3 қасқырды пойыз басып кеткен деп отыр.
Нұрлан СЕЙІЛХАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ВЕТЕРЕНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі күні сағат таңғы 4-тен барып қарадық. Сол айналасын шет аймақтарды қасқыр жоқ. Сондықтан да қазіргі уақытта оны бақылаудан алмаймыз.
Ал жақында ғана Ақсу кентіндегі үйлердің ауласында қасқыр жүргенін тұрғындар байқап, ұялы телефонға түсіріп алған. Мамандар бұл біреудің асыраған жануары деді. Өйткені, жыртқыш адамдарға қауіп төндірмеген. Десе де, аңшылар қасқырды қауіпсіздік үшін атып тастапты.
Нариман ЖҮНІСОВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соңғы 10 жылда қасқырлардың адамға шабуыл жасау фактісі тіркелмеген. Тек үй жануарларына шапқан кездері болды. Ал биылғы жылға келсек, Жамбыл облысы мен Павлодар облысында ғана қасқырлардың үй ауласын торауылдап жүргені анықталды.
Ал ел астанасында қасқыр жоқ, тараған ақпараттар қауесет. Нұрсұлтандық мамандар осылай деді. Олар жалған ақпарат таратқандарға іздеу жариялапты.
Владимир КОЛЯГИН, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:
Көктал шағын ауданы маңында қасқырлар кезіп жүр деген ақпарат жалған. Оны тексеріп көрдік. Ал, әлеуметтік желіде таралған бейнеролик қолдан жасалған. Қазір видеоны таратқан азаматты іздестіріп жатырмыз. Егер күдікті табылса, кінәсі дәлелденсе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Мамандар Павлодар облысының аумағында 200-ден астам жыртқыш аң барын екенін айтады. Егер Шарбақты мен Ленин кентіннен қасқырлар кездескен жағдайда көкжалдарды аулауға ресми рұқсат та берді.
Ө. Қуанар