Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде сатушы келіншекті отыз жерден пышақтап аяусыз өлтірген екеудің соты басталды

AstanaTV
27.01.2020ж. 20:00
2389
Ақтөбеде сатушы келіншекті отыз жерден пышақтап аяусыз өлтірген екеудің соты басталды

Ақтөбеде сатушыны отыз жерден пышақтап, жауыздықпен өлтірді деп күдікке іліккен екі жігіттің соты басталды. Олардың үстінен пайдакүнемдік ниетпен топ болып кісі өлтіру және заңсыз есіркі затын қолдану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот залында болып келген тілшіміз Бақыт Рахметова тарқатады.

Бұл жантүршігерлік оқиға Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылын дүр сілкіндірген еді. Қанды оқиғадан шошымаған жан болмады. Бүгінгі сотқа келген де ауыл халқының қарасы көп болды. Барлығы бұл екі күдіктінің қатаң жазаланғанын қалайды.

Мамай ЕСЕЕВ, БАДАМША АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Марат екі рет отырып шыққан, екеуінде де адам өлтірген. Бұл үшінші жағдай. Бұл адамды уже өмірлікке жіберу керек қой. Дүкенге баса көктеп кіріп алып өлтірген ғой. Енді біздің тілегіміз бұл адам енді келмейтін болсын бұл жаққа.

Сәуле АЛДАБЕРГЕНОВА, БАДАМША АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыр жаза беру керек. Тек ауыр жаза өйткені ол кісінің қолынан ауылдың екі адамы өлді бұған дейін. Феруза үшіншісі. Ол түрмеге отырады, амнистиямен қайта шығады. Екі рет сөйтті.

Ауыл халқының айтуынша қамауға алынған жігіттің бірі ауыл тұрғыны, көпшілігі оны жақсы біледі. Бұрында екі бірдей ауыл тұрғынын  өлтіріп, істі болған екен. Сатушы келіншек үшінші құрбаны дейді. Аяусыз мойнына отыз рет пышақ салып өлтірілген әйелін күйеуі тауып алыпты.

Тілектес ПІРМАНОВ, МАРҚҰМНЫҢ ЖОЛДАСЫ:

Кіретін есік жабық тұр. Сосын подъезд жақта екінші есік бар еді сол жақтан кірсем. Қойма подсовкада сумкасы шашылып жатыр. Торговый залға кірсем, терминал аударылып жатыр екен. Сол жағына қарасам жатыр қан болып, жауыздықпен өлтірілген.

Марқұм болған Феруза Пірманова 46 жаста болған. Артында үш баласы қалды. Азапталған әйел қылмыскерлерді танып, қарсылық көрсеткен көрінеді. Сол кезде күдіктілер дүкеннен 140 мыңдай ақшаны да қолды қылған. Айыпталушылар кінәларын жартылай ғана мойындады деген тұрғындар олар жазадан құтылып кете ме деп сотқа арнайы келіпті.

Б. Рахметова