$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстанға коронавирус жұқтырды деген күдікпен 8 адам ауруханаға жатқызылды - Ж.Бекшин

AstanaTV
28.01.2020ж. 20:00
4051
Қазақстанға коронавирус жұқтырды деген күдікпен 8 адам ауруханаға жатқызылды - Ж.Бекшин

Қазақстанға коронавирус жұқтырды деген күдікпен 8 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Вирустың белгілері байқалған 5 адам, бүтін бір отбасының мүшелері. Олар Ақмола облысының инфекциялық ауруханалардың біріне орналастырылған. Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Жыл басынан бері бізге "аспан асты елінен" 26 мыңға жуық адам келген. Олардың арасында отанастарымыз да бар. Бүгінгі күнде Қытайдағы індеттің белгілері бар 23 адам анықталып, 8-і ауруханаға жеткізіліпті. Бұл ақпаратты бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин растады. Науқастардан қан анализі алыныпты, оларды тұмау мен жедел респературалық вирустық инфекцияға тексермек. Оған 3 күн уақыт кетеді деді. Егер бұл вирустар расталмаса, сынамалар АҚШ-тағы зертханаға жіберілмек.

Жандарбек БЕКШИН, ҚР БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Елімізде 4 науқас стационарға орналастырылды. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы 2 науқас медициналық көмек алғаннан кейін жіберілді. Түстен кейін бізге ақпарат түсіп жатыр Алматы қаласына 1 адам және де Ақмола облысына 1 отбасы. Олар Хайнаньде демалыста болған. Олардың үшінде үш бала, екі баланың денесінің қызуы көтерілуіне байланысты стационарға барлық отбасы орналастырылды.
 
Індет ошағы - Уханьда оқитын қазақстандық студенттердің үндеуі жерде қалмады.  Сыртқы істер министрлігі ондағы 61 қандасымызды елге эвакуациялау үшін Қытай Халық Республикасына ресми хат жолдаған.

Шахрат НҰРЫШЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз қазір студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапына ресми нота жіберілді. Қазіргі кезде арнайы ұшатын ұшақтың қай маршрутпен баратынын, қай жерге тоқтайтыны, қайдан алып кететінін сол нақты сұрақтар пысықталу барысында.

Денсаулық сақтау министрі короновирустың "ошағынан" келетін студенттер үшін арнайы шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Олар келген соң дезинфекция жасылынып, студенттер 14 күнге оқшауланады.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Осы Ухань қаласынан келе жатқан біздің азаматтарға біз арнайы, ерекше стационарлық корпус бөліп отырмыз. Бүкіл жолаушыға осы 2 аптаның ішінде карантин өткізуге мүмкіндіктеріміз бар.

Бұдан бөлек Сыртқы істер министрлігі  Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 72 сағаттық визасыз болу мерзімі тоқтатты.

Шахрат НҰРЫШЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір біздің Қытайдағы елшілігіміз және бас консулдығымыз Қытай Халық Республикасының азаматтарына медициналық анықтаманы талап ету үшін визалық талаптарды күшейтті.Сондай-ақ Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында визасыз транзиттік 72 сағаттық тәртібі уақытша тоқтатылды.

Қазіргі таңда Қытайда 1300 қазақстан азаматы мен 635 турис бар. Оларда жақынарада елге қайтарылмақ. Денсаулық сақтау министрі көрші елден келген азаматтар міндетті түрде жергілікті емханаларына барып тексерілу керек екенін айтты.

Еске сала кетейін, Қытайда тараған індеттен көз жұмғандардың саны 106-ға жетті. Ал жұқтырғандар 4 500-ден асқан. Соңғы мәлімет бойынша, жұмбақ вирус Қытайдың 30 провинциясына таралған. Ал, бұл жағдайдан хабардар дүниежүзілік денсаулық ұйымы карантин жариялауға асығар емес.

А. Данияр