$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте санавиация көмегіне зәру болған келіншекті аман алып қалу мүмкін болмады

AstanaTV
09.10.2017ж. 20:00
2518
Шымкентте санавиация көмегіне зәру болған келіншекті аман алып қалу мүмкін болмады

Алматыдан санитарлық авиация шақыртуға себепкер болған оңтүстікқазақстандық келіншектің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғыны ес жимаған күйі жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Облыстық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Вячеслав Цайдың айтуынша, науқас келіншектің сепсис, миының ісінуі және бауыр церрозы сынды бірқатар кеселі болған. Жағдайы ауырлығына байланысты оған бірнеше рет білікті дәрігерлерден кеңес те алыныпты. Алайда, дәрігерлер барлық амалды жасағанмен, өміріне араша түсе алмағандарын айтады.

Вячеслав Цай, ОҚО клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

Науқас бізге түскенде халі өте ауыр болуына байланысты Республикалық акушерлік- гинекологиялық орталығы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының білікті мамандарынан үш рет кеңес алынды. Бұдан бөлек, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандарымен де кеңестік. Оған лапороскопиялық жолмен жатырына операция жасалды. Соған қарамастан, әу баста халі ауыр болған келіншектің беті бері қарамады. Тексеру нәтижесінде одан бұрын тіркелмеген гепатит «Д» сырқаты да табылды.

Айта кетейік, келіншектің артында алты баласы қалды. Ол кенже қызын Түркістанда 16-қыркүйекте босанған. Бірақ кейіннен жағдайы күрт нашарлағандықтан, облыс орталығына 2-қазанда жеткізілген болатын. Оған Алматыдан көмекке келуі тиіс санавиация ұшағы көкке көтерілген бойда құлап, екі дәрігер мен үш экипаж мүшесі қаза тапқан еді. Айтпақшы, осы жағдайдан соң  да 30 жастағы келіншектің жағдайы тым нашарлығынан екінші рет санитарлық көмек сұралған-ды. Бірақ министрлік бұған аса қажеттілік жоқ деп тауып, дәрігерлер телемедициналық кеңеспен шектелген еді.