Қазақстанда бала үш жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл ұсыныс әзірге тек министрлік ішінде қаралып жатқанын айтты. Айта кетсек, қазір Қазақстанда босанған әйелге баласы бір жасқа толғанға дейін мемлекеттік жәрдемақы төленіп отырады. Қазіргі уақытта бала күтімімен отырған аналардың саны 387 мың.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Еңбек министрлігі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны өсіру туралы бастама көтергісі келеді. Бүгінде ол бала 1 жасқа толғанға дейін төленеді. Біз бала бір жарым немесе үш жасқа толғанша жәрдемақы төлеуді созу мәселесін көтеріп, тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл қисынды болар еді.
Сондай-ақ министр зейнетақы жинағынан қаражатты кімдерге алуға болатынын айтты. Бірі жұмыс істеп, тиісті сомманы жинап үлгерген азаматтар, ал екіншісі зейнеткерлер.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Екінші категория, ол - зейнет жасына жеткендер. Оны біздің ұсынысымыз бойынша сол жердегі жинақтаулардың 50%-не дейін ала берсе дейміз. Бір ғана шартпен: ол кісінің қорында қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысын қосқанда, ең аз дегенде, табысының 40 процентінен кем болмауы керек.
Ә. Өмірзақ