$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда тәрбиешіден таяқ жеген баланың анасы балабақша директорының әділ жазалануын талап етеді

AstanaTV
03.02.2020ж. 20:00
2070
Павлодарда тәрбиешіден таяқ жеген баланың анасы балабақша директорының әділ жазалануын талап етеді

Павлодарда 5 жастағы баланы ұрып-соққан тәрбиешінің әрекетін жасырмақ болған балабақша директоры жауапқа тартылды. Сот оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салған.  Мекеме басшысы қарамағындағы қызметкердің әрекетін құзырлы органдарға хабарламаған. Сондықтан да сот оны кінәлі деп тапты.

Гүлнұр ЖАҢАБЕКОВА, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ СОТТЫҢ КЕҢСЕ МЕҢГЕРУШІСІ:

Оған 10 АЕК көлеміндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Бұл 25 250 теңгені құрайды. Бірақ, сот оның өз кінәсін толық мойындағанын ескеріп, 829-бап бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайтты. Енді ол 17 675 теңге төлейді.

Еске салайық, өткен жылы Павлодардағы №5 балабақша тәрбиешісі 5 жастағы баланы ұрып-соғып, оған дене жарақатын салған. Анасының шағымымен тәрбиеші жұмыстан босатылып, 5 тәулікке қамалған болатын. Ал балабақша директоры өз еркімен жұмыстан кетті. Бірақ, бұған жәбірленуші тарап келіспейді.

Эльмира ТАСЫБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ол жұмыстан белгілі бір бап бойынша кетуі керек. Өйткені, бұл мемлекеттік мекеме. Әр ісіне жауап беруі керек ғой. Алайда, мекеме директоры ешқандай акті тапсырмастан, жұмыстан өз еркімен кете барған. Сондықтан, мен соттың бұл шешімімен келіспеймін. Оған қоса, басшыға жеңілдікпен айыппұл ғана салыпты. 

Сол себепті жәбірленуші істің қайта қаралуын талап етеді. Өйткені, баласы сол оқиғадан кейін қатты қорқып қалған. 3 айдан бері балабақшаға да бармапты.

Ө. Қуанар