Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Алматылық дәрігер өзі рәсімдемеген несиеден құтыла алмай жүр

Алматылық дәрігер өзі рәсімдемеген несиеден құтыла алмай жүр

Алаяқтың құрбаны болған алматылық дәрігер банк алдында берешегі жоқ екенін дәлелдей алмай келеді. Аян Тұрсынбековтың атынан сегіз жыл бұрын рәсімделген заңсыз несие әлі күнге мойнында. Қаржы институттарынан әділдік таба алмаған дәрігер құзырлы органдардан көмек сұрайды.

Аян Тұрсынбеков 8 жыл бұрын Өскемендегі әскери бөлімнің бірінде дәрігер болып еңбек еткен. Сол кезде оның атына Алматыдағы банктің бірінен 388 мың теңге көлеміндегі тұтынушылық несие рәсімделген. Ал банкке қарыз екенін бір жылдан кейін білген дәрігер қаржы институтына хабарласып, несиенің заңсыз екенін дәлелдепті. Бірақ мойнына ілінген қарыз коллекторлық компанияға жолданған. Несие өндіруші мекеме дәрігердің есеп-шотына тағы да бұғат қойған.

Аян ТҰРСЫНБЕКОВ, ДӘРІГЕР:

2019 жылы наурыз айында мен есеп шотымның бәрі бұғатталған соң мен сол Альфа Банкке жүгіндім. Менен тағы да арыз қабылдап алды. Осыны бәрін шешеміз, деп айтқан. Содан кейін маған телефонмен хабарласып, «сіз банк алдында тазасыз, ешқандай банкке қарыз емес екенсіз», деп айтқан. Маған 2020 жылы 17 қаңтар күні жұмысыма сот шешімін жіберген. Әуезов ауданының сот шешімі менен 407 мың ақша өндіру жөнінде.


Дәрігер Бас прокуратурасы, ішкі істер министрлігі мен ұлттық банкке арызданыпты. Дәлелдерін де көрсеткен. Қос куәліктің деректері бірдей, тек суреттері өзге. Мұндай заңсыздыққа банк қызметкері тікелей жауапты, дейді заңгер.

Думан БАЗАРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Әуезов аудандық соты аталған істі қайта қарау, дәлелдерді қайта сараптау туралы біздің жазған шағымымызды қабылдады. Біз бұл жолғы сот отырысында барлық құжаттарды тексеруін, заңсыз несие рәсімдеген азамат пен оған қатысты мамандардың жауапқа тартылуын талап етеміз.

Аян Тұрсынбековтың барлық есеп шотын бұғаттаған коллекторлық мекеме болса, компанияның клиенттеріне қатысты құпиясын жария етуге болмайтындығын айтты. Ол үшін арнайы сенімхат немесе жеке тұлғаның өзі келуі керек деп отыр. 

Қорғаушының айтуынша, жәбірленшінің банк алдында қарыз емес екеніне дәлел жеткілікті. Ал аяқтарды тауып, жазаға тарту құзырлы органдардың қолында. Алайда, Аян Тұрсынбековтың есеп шоттарын қалпына келтіру енді қозғалатын іс пен одан кейінгі сотттың шешіміне байланысты.

А. Кемелжан