Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қостанай тұрғындары 5 қабатты үйдің бірінші қабатындағы құрылысқа қарсы

AstanaTV
06.10.2017ж. 20:00
2568
Қостанай тұрғындары 5 қабатты үйдің бірінші қабатындағы құрылысқа қарсы

Қорқыныш туғызған құрылыс. Қостанай жұртшылығы қаладағы дүкендердің бірінде жүріп жатқан қайта жөндеу жұмыстарына қарсылық білдіруде. 5 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан сауда орнындағы құрылыстан баспанаға зақым келе ме деп алаңдаулы. Бірнеше айдан бері шаң-тозаңнан көз ашпаған көпшіліктің тілек-арызын тілшіміз Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Маяковский көшесіндегі көпқабатты үйде орналасқан дүкеннің аумағын кеңейту жұмыстары екі ай бұрын басталған. Содан бері берекеміз қашты, ұйқыдан айрылып, үрейлі күн кешудеміз  -  дейді тұрғындар. Таң атқанда басталатын тарсыл-гүрсіл күн батқанға дейін жалғасады. Кейбір пәтерлердің төбесіне сызат түсіп, көне ғимараттың кіре берісіндегі қабырға жарылған. Көпшілікті алаңдатып отырғаны да осы.

Рысбике Ақтанова,  қала тұрғыны:

Бұл үй енді ескі ғой. Балғамен дей ме, ап-ауыр нәрсемен тарсылдатып ұрғанда, несі қалады. Біз қорқамыз. Жатқанда бісмілләмізді айтып жатамыз. Бір күні астына түсіп кетеміз бе, құдай біледі.

Валентина Солдатенко, қала тұрғыны:

Өте қорқынышты. Плита құласа, қайда қашамын деп уайымдаймын. Төртінші қабаттағы пәтердің төбесі жарылып кетті деп естідім. Ал бесінші қабаттың қабырғасы шытынап, сылағы түсіп жатыр.

Бес қабатты баспана 40 жыл бұрын салынған. Былтырдан бері бұл үйге «КСК партнер» қызмет көрсетеді. Серіктестік директоры "мердігердің ешқандай құжат көрсетпегенін, дүкен қожайынының тұрғындармен жолығып, келісім алмағанын" айтып отыр.

Құмар Сәлкенов, «КСК партнер» ЖШС директоры:

Жиындар болған жоқ. Жұртпен ешкім кездескен жоқ. Тұрғындардың қорқынышы бар, сол үй құлап қала ма деген? Ешкім сөйлеспей, түсіндірмеген соң солай шошып жүр барлығы. Кейбіреу ұйықтамай да жүр.

Тұрғындардың айтуынша, қалталы азамат бұған дейін де кәсібін кеңейтіп, дүкенге қосалқы ғимарат қосқан. Енді тағы үлкейткелі жатыр. Ал сауда орталығының қожайыны - Қуаныш Баязитов  тиісті мекемелерден рұқсат құжат алғанмын, сондықтан тұрғындармен келісудің еш керегі жоқ деп санайды.

Қуаныш Баязитов, кәсіпкер:

Жамандық болса бізге де жаман болады. Подьезд біздікі, астындағы дүкен біздікі. Алла сақтасын, бірдеңе болса бірінші біз астында қаламыз. Сондықтан барлық техникалық талаптарды соблюдать етіп жатырмыз. Тұрғындар ештеңеден қорықпасын. Бұл бұрынғы салынған ғимаратқа тағы қосылады. Үлкейтіп, супермаркет істейміз.

Кәсіпкер қалтасының қалыңдағанын емес, қалың бұқараның қамын ойлағандықтан  «супермаркет» салуды қолға алдым дейді. Себебі бұл маңда жөнді сауда орындары жоқ көрінеді.

Заңғар Санай, тілші:

Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, - дейді дүкен иесі. Ал, келесі жылы кәсіпкер өз қаражатына  берекесі қашқан 5 қабатты үйдің сыртқы сылағын жаңғыртып, жаңа кейіпке кенелтпек. Әлеуметтің қамы үшін жертөледегі тозығы жеткен құбырларды  да ауыстырғанын айтады.