Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда дәрі-дәрмек жетіспейді

AstanaTV
06.10.2017ж. 20:00
2834
Оралда дәрі-дәрмек жетіспейді

Оралда демікпе дертіне шалдыққан науқастар дәрі таба алмай сарсаңға түсті. Сырқаттардың айтуынша, ауа жетіспеушілігіне көмектесетін препарат тегін берілуі тиіс. Бірақ дәріні ақшаға сатып ала алмай жүргендер көп. Ал сала мамандары дәрі тапшылығы орын алғанымен, жағдайдың түзелетінін айтып сендіреді.

Еркін Карин, тілші:

Оралда дәрі тапшылығы демікпе дертіне шалдыққандарды қинап тұр. Өйткені қала дәріханаларында ауруға дауа болар дәріні табу оңай емес.

Облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдері де дәрі тапшылығын теріске шығармайды. Бірақ бұл мәселенің шешімін тапқанын айтып жұбатады. Қазір сатып алу процедурасы жүргізіліп, жеткізушілермен келісім жасалған. Жыл соңына дейін жағдай түзеледі деп уәде бергенімен, оған дейін қанша адамның қиналары белгісіз.

Руслан Айдарханов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Соңғы екі аптада дәрі жетіспеушілігі байқалды. Ауруды анықтау қарқыны артып, скринингтік жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Мысалы, артериялық гипертензияға 45 мың адам шалдықса, қазір олар 47 мыңға жетті. Демікпемен ауыратын 3 100 адамның қатарына тағы 200-дей науқас қосылды.

Еркін Карин, тілші: 

Дәрі-дәрмекке қажет ақша республика бюджетінен алынады. Бір ғана Батыс Қазақстан облысы үшін ел қазынасынан 4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 48 түрлі ауруға қарсы қолданылатын 400-ден астам препарат сатып алынған. Ал 87 мыңдай адам амбулаторлық ем алып жүр. 

Еркін КАРИН