Шымкентте жеті жылға сотталған Роман Цой жазасының жартысынан көбін өтеп болғанда, ақталып шықты. 42 жастағы азаматқа өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу оңайға соқпапты. Әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Шымкент тұрғыны «есірткі заттарын тасымалдап, сақтап, сатты» деген күдікпен қамалып, сотталған. Ол өзіне кесілген жеті жыл жаза мерзімінің төрт жылын өтеп үлгерген.
Роман Цой жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтеген. Жабылған жаланың кесірінен өмірімнің күл талқаны шықты, дейді өзегін өкініш өртеген ол.
Роман ЦОЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Түрмеде денсаулығымнан айрылдым. Мені уайымдағаннан туыстарымның да ауру тапқаны анық. Өмірімнің күл талқаны шықты.Сол жылы мен үйленбекші болып жүрген едім. Дос-жаранымның көбі теріс айналды. Мен олардың көзіне «қылмыскер» болып көріндім. Мұншалық азап көремін деп кім ойлаған.
Тағылған айыптың жала екенін айтқан Роман 2,5 жыл бойы құзырлы орындарға арызданумен келіпті. 2019 жылдың сәуірінде сот оны ақтап, жүргізілген қылмыстық процесте келтірілген залалды өтеу құқығын берген. Азапты күндерінің өтеуі ретінде ол 20 млн теңге сұрапты. Алайда жазықсыз жапа шеккен жанның талабының тек төрттен бір бөлігі ғана қанағаттандырылмақ.
Абдулла САПАШЕВ, ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сот Роман Эдуардович Цойдың талап арызын ішінара қанағаттандырылсын деп шешті. Енді ҚР Қаржы Министрлігі Роман Цойдың пайдасына келтірілген моральдік залал үшін 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеп, қаржы өндірілсін.
Романның адвокаты өз қорғауындағы адамды ақтап алу оңай болмағанын айтады. Бұл оның тәжірибесіндегі алғашқы іс екен.
Олег АНДРЕЕВ, АДВОКАТ:
Сот шешімімен мен келісіп отырғаным жоқ. Бірақ арыздану немесе оны осылай қалдыруды Роман Цойдың өзі шешеді. Менің өз басым қорғауымдағы азаматқа қосымша арыз тастауға кеңес берер едім. Өйткені қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде төрт жыл бойы жазықсыз отырғаны үшін, берілетін небәрі 5 миллион теңге тым аз.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
42 жастағы Роман Цойдың өзі сот жүйемен күресіп шаршағанын жасырмайды. Ол артта қалған төрт жылын жайсыз түс деп санауға тырысып бағуда. Өйткені темір тордың арғы жағындағы азапты күндерді таяу мерзімде ұмыта алмасын жақсы біледі. Сондықтан әл -әзір кінәлілерді жазалауды да талап етіп отырған жоқ.
А. Төребекқызы