$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте көпқабатты үйге ақша салған үлескерлер пәтеріне 9 айдан бері кіре алмай жүр

AstanaTV
10.02.2020ж. 20:00
2002
Шымкентте көпқабатты үйге ақша салған үлескерлер пәтеріне 9 айдан бері кіре алмай жүр

Шымкентте «Бақыттан» баспана аламын дегендердің басы қатып жүр. Жоғарғы санатты көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына миллиондап теңге салғандар былтырдан бері сандалып жүр. Соңғы берілген уәде бойынша жаңа қонысқа жұртшылық қаңтардан қалмай кіруі тиіс болған екен. Әріптесім Айзада Төребекқызы тараптарды тыңдап көрді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

«Бақыт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бақыттан басымыз айналар күн жақындамай тұр, дейді. Мына тоғыз қабатты үйдің қас беті біткенімен, ішкі әрлеу жұмыстары әлі күнге жалғасып жатыр. Осыдан тоғыз ай бұрын көшіп келуі тиіс болған тұрғындар қазірдің өзінде табалдырықтан әрі аттай алмай отыр.

104 пәтерлі бизнес класс санаттағы бұл үй былтыр 30-сәуірде берілуі тиіс болған. Содан бері кейінге шегеріліп келеді, -дейді шыдамы таусылған үлескерлер. Бүгін олар тағы құрылыс алаңына барды, күзеттегілер оларды нысанға жақындатар емес.

Үлескерлердің барлығы жүз пайыз төлем жасағандарын айтады. Кемі 20 миллион теңгеден салған. Тұрғындар дайын пәтерге тек жиһазын әкеп тұра беретін болып келіскен. Алайда пәтерлерге су мен жарық та кіргізілмеген. Соған қарамастан амалсыз көшіп келіп, тұрып жатқандары да бар. Айтуларынша пәтер, әу-баста суретте көрсетілгеннен мүлдем бөлек.

Жанна АБИТАЕВА, ҮЛЕСКЕР:
 
Бұл үйді әлі қабылдап алмасақ та өткен жұмада кіруге мәжбүр болдық. Өйткені басқа мүмкіндігіміз болмады. Ай сайын 300 мың теңге шығын шығып жатыр. Бір жағынан банкке, екіші жағынан пәтерге төлеуден қиналып кеттік. Мұндай жағдай жасалмаған. Электр энергиясын подъезден ұзатқышпен тартып алдық, ал су жоқ. Кішкентай төрт балам бар, қиналсақ та басқа амалымыз жоқ.

Олжас ӘДІЛБЕКҰЛЫ, ҮЛЕСКЕР:
 
Как попало жабыстыра салған және полдарды қараңыз енді ..жүрген кезде қалай боп жатқанын, ойнап жатыр барлығы...ол болмайды ғой, ол бизнес класқа жатпайтын үй ғой. Біздің шырылдауымызды дұрысынан түсінсеңіздер.

Ал тұрғын үйге тапсырыс бергендер құрылыстың уақытылы аяқталмауын баспананың қас бетінің қайта алмастырылуымен байланыстырды.

Балжан ҚАЛМЫРЗАЕВА, ЖШС САТУ БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Енді бұл жерде сұрақтар көп қой, бізге байланысты емес жағдайлар көп туындап жатыр. Ол біздің қолымызда емес.  жаңа айттық қой, сыртын ауыстырды мысалы үшін, есік алдын жөндеуге қанша уақыт кетті. Енді сол себептен сонша тоғыз айға созылып кетті.

Ал пәтер кілтін алмағандар, қабылдау актісін жасаспағандар көрінеді. Алайда нысанға жауаптылар бірлі жарым кемшілікті түзеткенмен еден, тұсқағаз сынды дүниелерді жаңалай алмайтындарын ашып айтты. Бірақ бұл жауап үлескерлерді қанағаттандыра қоймаған секілді. Жиналғандар құзырлы орындарға шағым да түсіріп үлгеріпті.

 А. Төребекқызы