Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда оқушы қызға тиіскен ер адам бостандықта жүр

AstanaTV
14.02.2020ж. 20:00
2046
Оралда оқушы қызға тиіскен ер адам бостандықта жүр

Оралда жасөспірімге тиісті деген күдікке іліккен ер адам бостандыққа жүр. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде 53 жастағы ер адам, мектеп оқушысына жармасып, тиіспек болған. Артынан үйге дейін аңдып, бірге кірген тұрғынның ерсі қылық көрсеткенін, жәбірленуші қыз бала полицейге айтып беріпті. 16 жастағы оқушы қызға тиіскен күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Бұл - көпқабатты үйлердің бірінің ауласына орнатылған бейнебақылау камерасындағы көрініс. Белгісіз ер адам қолындағы затын, есіктің алдына тастап, үйге оқушымен бірге кіреді. Оңаша сәтті пайдаланып, жасөспірімге жармасып, қол жүгірте бастапты. 16 жастағы қыз қарсылық көрсеткен соң, ізін суытыпты. Осы кезде үйінен шыққан полицей кіреберісте жылап тұрған қызды байқаған. Қорғансыздан мән-жайға қаныққан соң, дереу күдіктіні іздеп, оны он минуттың ішінде қолға түсірді.

Артур ҚҰДЫСОВ, БҚО ПД ЖПҚ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мен алдынан шықтым ол кісінің. Өйткені, киім үлгісі, түр-әлпеті соған келіп тұр. Сол жерден ұстап, сол кісіге түсіндіріп, оқиға орнына алып келдім. Сол кезде жәбірленуші кәмелетке толмаған қыз бала жаңағы сол кісіні таныды.

Полиция қызметкері күдіктінің өзіне қарсылық көрсетпегенін айтты. Анықтай келе 53 жастағы оралдықтың ішімдік ішкені мәлім болған.

Асылай ҒҰБАШЕВА, БҚО ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ұсталған азамат шақырту бойынша келген жедел тексеру тобының қызметкерлеріне тапсырылды. Жәбірленуші қыз күдікті азаматты бірден таныды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК бұзақылық фактісі бойынша тіркеуге алынып, тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Оқиғаның басқа да мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың бұрын-соңды істі болмағанын ескерген. Әйелі жоқ, ересек ұлы барын анықтапты. Қазір күдіктіні ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, үйіне босатып жіберіпті.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Полиция осы оқиғаға байланысты бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы бапта жазықтыға бірнеше жаза түрі қарастырылған. Яғни, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 5 миллион теңге айыппұл салынады немесе 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады әлде 2 жылға сотталуы мүмкін.

Е. Карин