Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда бірнеше адамды қағып кеткен ағайындыларға сот үкім кесті

AstanaTV
18.02.2020ж. 20:00
3135
Алматыда бірнеше адамды қағып кеткен ағайындыларға сот үкім кесті

Алматыда бірнеше адамды көлікпен қағып кеткен, ағайындыларға қатысты сот үкім етті. Жандос пен Дінмұхамед Әлікеевтер айыпты деп танылып, екеуі екі түрлі жаза арқалады. Алайда, сотталушылардың қорғаушысы мен туғандары бұл үкіммен келіспейді.

Соттың үкімін тындауға келгендердің қарасы қалың. Олар негізінен айыпталып отырған ағайынды жігіттердің туған-туыстары. Әлікеевтердің үлкені Жандос 25 жаста, оған сот жеңіл жаза қарастырыпты.

Еркін МАЙШИНОВ, АЛМАТЫ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Әлікеев Жандос ҚР ҚК 293 бабы 3 тармағы бойынша айыпты, деп танылып төрт жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтесін. Жаза мерзімі 2019 жылдың 26 тамызынан бастап есептеледі.
 
Ал, кішісі - Дінмұхаммедке берілген жаза одан ауыр. Үш адамды көлікпен қаққан 20 жастағы жігіт "Адам өлтіруге оқталу" бабымен айыпты деп танылды. 11 жыл 3 айға қамалатын болды.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Айта кетейік, өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы оған 15 жыл жаза кесуді сұраған болатын. Айыпталушының қорғаушысы мен жақындары зардап шеккендердің кешірім бергенін алға тартып, бас бостандығынан айырмауды өтінген еді.


Бүгін де олар соттың үкімімен келіспейтіндерін айтты.

Қайрат ШОПАНОВ, АЛМАТЫ қ. АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Әлікеев Жандостың іс-әрекетінде ашқандай қылмыс құрамы жоқ. Яғни, ол жазадан босатылуы керек болатын. Ал, Әлікеев Дінмұхамедке қатысты біздің ойымызша айтқан болатынбыз сот жарыссөздерінде ҚР ҚК 345 бабында көрсетілген қылмыс құрамы болуы тиіс болатын. Алайда сот оны қараусыз қалдырды.

Сот ауыр жаза кесті деген қос айыпталушының қорғаушысы мен жақындары енді  аппеляциялық сотқа жүгінбекші. 

Әлихан НАРБЕКОВ, СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ АҒАСЫ:

Жандостың артында бір жасар баласы қалды. Ал, Дінмұхамед бар болғаны жиырмаға енді толды. Олардың болашағы алда еді. Біреуді өлтіруге дәті де бармайды. Тергеу кезінде бірқатар дәлелдер мен деректер назардан тыс қалды.

Еске сала кетейік, бұл оқиға өткен жылдың тамызында болған еді. Гагарин даңғылындағы көше бойында ақ түсті Toyota Camry көлігі ер адамдардың бірін қағып кете жаздады. Кейін қара түсті Toyota Avensis үш ер адамды қасақана қағады. Зардап шеккен - үш адам да әртүрлі дене жарақатын алған болатын. Түндегі бұл келеңсіздік  бейнеқақылау камерасына түсіп қалған. Ол видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, қоғамда үлкен дау тудырған болатын.  
 
А. Кемелжан