$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Апта басындағы ұшақ апаты. Азаматтық авиация проблемалары.

AstanaTV
07.10.2017ж. 20:00
3029
Апта басындағы ұшақ апаты. Азаматтық авиация проблемалары.

Шымкентте ауыр халде жатқан әйелге жедел жәрдем беруге ұшып шыққан алматылық дәрігерлер мінген ұшақтың апатқа ұшырауы... Талғат Патсаев пен Жәнібек Артықбаев сияқты докторлардың арқасында шығар, медицина саласының құламай тұрғаны...Экипаж мүшелері Геннадий Цой, Евгений Кутафин және Бейшібек Ахматбаев... Аянышты. Азаматтық авиация саласындағы онша емес ахуалға қатысты мамандардың пікірін тыңдадық. Оның бірі әуе қатынастары саласында 1956 жылдан бері еңбек еткен ардагер ұшқыш, 10 мың сағаттық ұшу тәжірибесі бар, тәуелсіздік алған жылдары «Қазақстан әуе жолдары» ұлттық компаниясын басқарған Дмитрий Дүшімов. Ол қазіргі азаматтық авиацияны «дағдарыс кезеңін бастан кешіріп отыр» деп есептейді. Ұшақ апаттарының жиі болуының бірнеше себебін атайды, мысалы, мамандар даярлау жүйесінің дамымағаны. Шебер мамандар шет мемлекеттерге кетіп қалды, олардың орны толған жоқ, деп есептейді. Қытай мен Вьетнам Қазақстанның білікті ұшқыштарына 25 мың АҚШ долларына дейін жалақы төлеп отыр. Ал «Эйр Астана» компаниясы шамамен 6-7 мың АҚШ доллары көлемінде береді. Сондықтан ұшқыштардың кімді таңдайтыны айтпаса да түсінікті, деді маман.  

Дмитрий Дүшімов, ардагер ұшқыш:

Енді бір жарым айда 6 апат орын алса, біз авиация саласын мүлдем құртып аламыз. Азаматтық авиация комитетінің құзырын көтеру керек. Оның басшысы Үкімет жетекшісіне және тікелей Президентке шыға алатындай болуы тиіс. 

Дмитрий Аббасұлы жергілікті шағын авиацияны дамытуды ұсынады. Ол үшін көп шығын кетпейді, дейді маман. Республика бойынша 100-ге  тарта аэродромдар салу үшін небәрі 200 шақырым ұшып-қону айлағы салынуы керек. Бұл біздің мемлекет үшін қолжетімді шаруа. Бағдарламаны 5 жылға бөлгеннің өзінде әр жыл сайын 40 шақырымнен жолақ төселсе, апатты жағдайда ұшақтардың ұшып-қонуына мүмкіндіктер болады. Сонымен бірге ұшқыштардың зейнеткерлік демалысқа шығу мерзімі де ұзартылғаны мәлім. Кеңес өкіметі кезінде ұшақ басқаратын адам 50 жасқа жетпей демалысқа шығатын және әлеуметтік жағынан қамсыздандырылатын. Ал қазір....

Дмитрий Дүшімов, ардагер ұшқыш:

Қазір ұшқыш ауруының бәрін жасырады. Айтса алып тастайды, жұмыстан. Сосын мына әйелдер де бортпроводниктер, жолсеріктер 58 жасында шығады. Ол 58 жаста кемпір ғой. Ол немеремен отырады. Депутаттар айтпайды. Ол кофе, шай әкеледі дейді. Ол 70 жаста да  шәй әкеле алады. Ал олардың міндеті ол емес,  апат кезінде құтқару керек қой, жаралы жандарды. 

Біз пікірін тыңдаған тағы бір білікті маман - кеңес заманында азаматтық авиация саласында көп жылдар еңбек еткен Әбдіжәміл Тілеулесов тәжірибелі ұшқыш, әрі Шымкент және Қызылорда әуежайларын басқарған. Оның есебінше тәуелсіздік жылдары 80 білікті отандық маман шет елдерге кетіп қалған. Әбдіжәміл Тілеулесов, қазіргі құбылыс - бұрынғы кеңестік республикалардың біліксіз мамандарын шақыртуды тоқтату керек деп есептейді. Азаматтық авиация академиясының ұшқыш-инструкторы Украинадан шақырылған. Ал кеше ғана апатқа ұшыраған «АН-28» -ді басқарған маманды көрші Қырғызстаннан аттай қалап шақыртып алған. Бұл жерде біліксіздік пен жеке компаниялардың салғырттығын айтпағанда, тағы мынадай мәселер бар, дейді  ардагер ұшқыш.

Әбдіжәміл Тілеулесов, ардагер ұшқыш:

Адам факторына  келсек, Алматының, жалпы Қазақстанның жағдайы сырттан келетіндер үшін белгісіз. Академияда құлаған адамды Украинадан мақтап  алдырды. Ол метео жағдайды білмейді. Себебі сол. Екінші, АН- 28 қырғыздың летчиктері. Олардың дайындығын білемін, Қырғызстанның дайындығы төмен болатын бұрыннан- ақ. Оларды қанша мақтағанмен, біздің метеоусловиеде жұмыс істей алмай қойды. Өткендегі апат соның айғағы. Профессионал доктор, профессорды 5 жылда даярлауға болады. Ал бірінші сыныпты ұшқышты даярлауға 15-20 жыл керек.

Ардагер  ұшқыштың жанайқайының бірі жанармай мәселесімен ұштасып отыр. Авиаотын тапшылығы туралы ең үлкен компания - ұлттық әуе компаниясы дабыл қаққаны мәлім. Ал шағын компаниялар не істей алады?  Сөйтіп олар жеңіл моторлы ұшақты АИ-92 бензинімен ұшыруға әрекет етіп жүр екен. Бұл барып тұрған біліксіздік, әрі адам тағдырымен ойнау, дейді маман.

Әбдіжәміл Тілеулесов, ардагер ұшқыш:

Бізде самолетно-моторный парк дейді. Сонда жеке компания көп. Олар бастарына не келсе, соны істеп,адамдарды «қырып жатыр». Оған қой дейтін адам жоқ. Қайдағы ЯК- 12, АН -28 списанный, эксплатуациядан шыққан самолет тауып алған. АН-ның құлауына себептің бірі -  АИ-92 маркалы бензинмен ұшуында. Ол қозғалтқышқа мощность бере алмайды. Содан құлайды.