Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Тастанды бала. Ата-анасы азаптайтын бала. Елімізде жылына мыңдаған адам ата-ана құқығынан айырылады.

AstanaTV
07.10.2017ж. 20:00
3945
Тастанды бала. Ата-анасы азаптайтын бала. Елімізде жылына мыңдаған адам ата-ана құқығынан айырылады.

Алматыда тастанды бала табылды. Жаңа туған қызды көше бойына тастап кеткен. Әйтеуір көрпеге орапты, әйтпесе қатып қалар еді... Ішкі істер министрлігінің есебінше, былтыр балаға жауыздық таныту бойынша 44 факт тіркелген. 1000-нан аса адам ата-ана құқынан айырылған. Негізі, ата-ана құқынан жылына мыңдай адам айырылады. Тұрмыстағы мың сан проблема, бітпейтін проблемалар адамдарды қажытатыны рас. Бірақ оларға баланың титімдей де қатысы жоқ. Осыны түсінбейтіндерді қалай түсінуге болады? Оңтүстік Қазақстан облысында анасы аяусыз ұрып, өлім аузынан қалған 7 жастағы Асыл қазір аяғын сылтып басады, басына ота жасатқан, еркін сөйлей алмайды. Балалар үйіне өткізілді. Әйелге қатысты 3 бірдей қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. 

Алматыда табылған тастанды сәбидің ендігі тұрағы бөбектер үйі болмақ. Қазір мамандар оның құжаттарын әзірлеп жатыр. Қыз баланы өмірге алып келген анасының кім екені әлі белгісіз. Дәрігерлер шақалақтың денсаулығы жақсы екенін айтады.

Ләззат Есқалиева, Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Келген кездегі баланың жағдайы қанағаттанарлық. Баламен бірге ішетін тамағы, уходына қажетті заттар болды. Енді оны қалалық балалар үйіне өткізуге дайындап жатырмыз.

Ал алматылық екі жасар сәби Равиль Волченконың  балалар үйінің тұрғыны болғанына 4-ші күн. Ол ата-анасыз емес... Бірақ,.. бауырына басар анасы қазір қамауда отыр. Өткен айда «егіз ұлын өлтірді» деген күдікпен ұсталған етін. Еске салайын, Равильді адасып жүрген жерінен тәртіп сақшылары тапқан болатын. Кейіннен егіз ұлын өлтіріп, тоңазытқышқа жасырды деп күдікке іліккен Алла Волченконың баласы екені мәлім болған еді. «Егіз  ұлын өлтірді»  деген күдікпен оның азаматтық некедегі күйеуі 29 жастағы Өзбекстан азаматы да тергеу абақтысына жабылған. Полиция таратқан мәліметке сүйенсек, егіздерді ата-анасы мастықпен өлтірген болуы мүмкін.  Олар құрықталған сәтте де ащы суға тойып алыпты. Бірақ мастығынан айыққаннан соң да болған іске өкінетін сыңай танытпапты. Бұл оқиға бойынша тергеу амалдары аяқталмаған.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Өкінішке орай, осы тектес қылмыстар елімізде бұрын да жасалған. Мәселен, соңғы он жылда Оңтүстік Қазақстан облысында санаулы болса да көптің санасында қалып қойған бірнеше қылмыс бар. Соның бірі Қазығұрт ауданында жасалған  ауыр  қылмыс. Мұнда анасы бауыр еті баласын ұрып-соғып өлтіргені үшін бүгінде жазасын өтеп жатыр. Ал Созақ ауданының тұрғыны айрылысып кеткен әйелінде қалдырғысы келмей, қос бірдей құлынын пышақтап тастаған еді. Мұндай сұмдық полицияның дерегінше Ордабасы ауданының еншісінде де бар.

Аса ауыр дәрежедегі қылмысты Ордабасы ауданының 26 жастағы тұрғыны Ақмоншақ Батталғазиева да жасаған, дейді тергеушілер. Бір емес үш бірдей баппен қылмыстық іс қозғалды. Ол 7 жасар ұлын аяусыз ұрып, өлімші халге жеткізген. Бұл сот –медициналық сараптаманың қорытындысымен дәлелденген.

Салтанат Қаракөзова,  ОҚО ІІД ресми өкілі:

Сараптаманың қорытындысымен жасаған қылмысы дәлелденіп отыр. Негізінде аса ауыр дене жарақаттары салынған 7 жасар балаға, азапталған 7 жасар бала және де осы қазіргі таңда бұл қылмыстық іс айыптау қорытындысымен арнайы сотқа жолданған.

Мамыр айынан бері аурухана төсегіне таңылған 7 жасар Асыл Батталғазы Ордабасы ауданының әкімдігі  шығарған қаулыға сәйкес, өткен аптада Шымкенттегі № 3 балалар үйіне өткізілді. Мінезі ашық Асыл келген бойда барлығымен тіл табысып кетті.
Төрт ай бойы ауруханада жатқан бала әлі де аяғын сылтып басады. Басына ота жасалған ол еркін сөйлей де алмайды. Дегенмен денсаулығы қазір бастапқы кездегіден әлдеқайда жақсарғанын айтады, мамандар.
Бірақ Асыл тағы да ауруханаға түсіп қалды. Мектепке жіберілген күні-ақ. 

Айгүл Симағамбетова, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің дәрігер - педиатры:

Бұл бала бұл жерге келіп түскен кезде негізі шуды көтере алмайтынын байқадық. Сонда да енді бала мектеп жасына жеткеннен кейін мектепке апарып көрдік. Сабақ программасын ала алады ма, ала алмайды ма?!. Бірақ сабақтың ортасына келгенде баланың нашарлағанын көрдік, қайта-қайта жатқаны, құсуы байқалды.

Балалар үйінің педиатры Асылдың денсаулығындағы кілтипандар басынан алған ауыр соққының салдары  деп болжайды. Мамандардың айтуынша, Асылдың психикасында да ауытқушылықтар бар. Асыл өзінен кіші балаларды таяқтапты. Яғни анасынан жеген таяқ психикасына да әсер еткен сияқты. 

Гүлнара Исаева, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің психологы:

Біз оны кіші топқа ауыстырып отырдық. Сол кезде оның кіші топтағы балаларға агрессиясы байқалды. Өйткені ол көптеген стресс алған. Әлі тексерулер керек оған. Сол жағдайда ғана бала жөнделіп, түзеліп кетеді деп біз сенеміз енді.

Десе де, туа бітті ауытқулар болуы да мүмкін екенін айтады. Балақайдың туғанынан бергі ауру тарихы әлі табылмаған.
Айта кетейік, Асылдың анасы сот шешімімен аналық құқығынан айырылған. Ол тіпті баласынан өз еркімен бас тартқан. Қолында 1 жасар қызы бар.  Білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде оның тағы аяғы ауыр көрінеді.

Бақберген  Сәрсенбеков,  ОҚО Ордабасы аудандық  білім бөлімінің әдіскері : 

Анасының қолында қазір 1 жасар қызы бар. Оның анасында болып-болмау мәселесін сот шешетін болады,алдағы уақытта. Анасы тағы да өзінің айтуы бойынша жүкті болып шықты тағы да. 

Ордабасы аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің дерегі бойынша Асылдың анасы Ақмоншақ Батталғазиева жазғызбасты. Қазір оған қатысты екі сот процесі басталып кетті. Алайда қылмысы дәлелденген күнде оның жазаланбауы мүмкін. 

Дәуренбек Момбаев, адвокат:

Оның аяғы ауыр екені рас болса, жазасы жеңілдейді. Оның үстіне қолында 1 жасар сәбиі бар, тиісінше, заңға сәйкес, жазасы онсыз да жеңіл болады. Тек шартты жаза берілуі мүмкін.

Асыл алдағы аптада балалар үйіне қайта оралады. Сол кезде дәрігерлік тексеруден толықтай өткізіледі. Оны мүгедектікке шығару жайы да қаралып жатыр. Мамандар әл-әзір мектепке бара алмайтынына көз жеткізген. Бірақ Асылдың еркін сөйлеп, қиындықсыз жүріп кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасамақшы. Жеті-ақ жастағы Асыл агрессияның құрбаны. Алайда агрессор анасын жазалағанның өзінде бірдеңе өзгере ме?  Қолындағы сәби мен  ішіндегі шарананы ойласаң, жүрек дүрсілдеп қоя береді...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».