Шымкенттегі коммуналдық мәселесі шаш етектен келетін тағы бір шағын ауданның проблемасын «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алды. Таскен тұрғындары үшін электр энергиясы мен жол өзекті. Өңірге жұмыс сапарымен болған партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, баспанасы жанып кеткен жұртпен де жүздесті.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, былтыр жазда баспанасы күлге айналған 45 отбасымен кездесті. Далада қалғандардың мәселесімен әлеуметтік желіде танысқан ол жаңа үйдің құрылысына партия тарапынан бақылау күшейетінін айтты.
Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы ана жолы кездескен кезде бәрі уайымдап, қалай болады деп, шешіле ма шешілмей ма...енді нақты жұмыс басталып кетті ғой, компания бар, ақшасы бар, бюджетте бөлінеді. Партияның бақылауына алды. Сол үшін арнайы тағы бір ат басын бұрып келіп жатырмыз.
ТҰРҒЫН:
Осы адамдарды бөлмелерге орналастырып жатыр. Арасында азын аулақ ауқатында, жетіспеген көрпе-жастығын да әкеп беріп жатыр. бізді қадағалап, қайта-қайта шақырып, жиналыс ашып, не жетпей жатыр деп бәрімізді тексеріп те өтіп жатыр.
Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Елбасы айтқандай «Nur Otan» ол нақты істердің партиясы, сондықтан келіп, қадағалап, бақылауға ұстап,... амандық болса бәрі ашық әділ ..түсіндіріп отыру керек.
Әзірге жиырма отбасын жергілікті билік жатақханаға жайғастырған. Құжаты өртеніп кеткендердің де мәселесі шешімін табуда. 85 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй алдағы тамызда пайдалануға берілмек.
Сафура БАТЫРБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ол кісі келген кезде мына жерде шұңқыр ғана еді. Қазір уже мінекей көріп тұрсыздар, үш этаж, қыстай адамдар қимылдап жатыр. Күннің суығы демей, жаңбыр демей , қар демей істеп жатқан сол кісілерге де рахмет айтамыз.
Ал қалаға бес жыл бұрын ауданнан қосылған Таскен шағын ауданы тұрғындарында мәселе тіпті көп. Жеке-меншік трансформаторлардың тозығы жеткен.
ТҰРҒЫН:
Одан қалса бағаналардың тұрғанының өзіне 15 жылдай боп қалды, шіріп тұрда. Ертең бұл күзге жарамайды...бізде жел деген қатты болады. Сол кезде бағаналар құлап кетіп, сымдар үзіліп кетіп балаларға,.адамдарға зарары тиема деген қорқынышта отырам.
Жергілікті атқамінерлер өзекті мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр деп баяндады. Биыл екі мыңнан астам үйдің желісі жаңаланбақ.
Мақсұт ИСАХОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Биылғы жылға 270 млн қарастырылған. 39,3 км бағаналар сіз айтып жатқан электр желілерінің бәрі ауыстыралады. 9 трансформатор «Оңтүстік жарық Транзитке» өтеді.
Таскендіктеді жол мәселесі де қинап келеді. Мұнда осы көктемде бірнеше көше асфальтталады. Сапар барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары зиялы қауым өкілдерімен, жастармен және бастауыш партия ұйымымен арнайы кездесті. Басқосуда білім мен денсаулық сақтау саласы, инфрақұрылым төңірегінде әңгіме өрбіді. Айта кетейін, кезектен тыс конференцияда партияның қалалық филиалы төрағасы болып Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сайланды.
А. Төребекқызы