Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауыт 6 мыңдай халықты улап жатыр

AstanaTV
24.02.2020ж. 20:00
3565
Медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауыт 6 мыңдай халықты улап жатыр

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы медициналық қалдықтардың өртейтін зауыт сот шешімін орындамай келеді. Кәсіпорын желтоқсан айында жұмысын тоқтауы керек болған. Бірақ заңға бағынып отырған олар жоқ. Күндіз-түні қалдықтарды өртеп, ауаны ластағандарға кім тосқауыл болады? Бұл мәселе кімнің назарында? Әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

2017 жылдан бері тұрғындардың бас ауруына айналған медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауытың жұмысына ешкім қарсы келе алмай отыр. 6 мыңға тарта адам кәсіпорыннан шыққан түтіннің зардабын тартуда.  Шыдамы таусылған халық енді Бас прокуратура мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауға бел буыпты.

Назгүл ОСПАНОВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күндіз-түні тоқтатпай жағады. Мындан шыққан иістен уланып өлетін болдық. Балаларымыздың  үстін бөртпе басып, ауырып жатыр. Енді не істерімізді білмейміз. Құзырлы орындардан ешқандай қайыр жоқ. Күнделікті 5-6 көлік медициналық қалдықтар алып келеді.


"Аклер групп" деп аталатын зауыттан ауаға 5 түрлі улы зат тарайтынын санитарлық мамандар айтқан болатын. Сот шығарған шешім бойынша 4 желтоқсан күні компания жұмысын тоқтату керек еді. Өткен айда компания өкілдері арнамызға берген сұхбатында қалдықтарды өртеуді тоқтатып, әкімдіктен берілген жерге көшеміз деді. Бірақ зауыт маңайында тұратын Көпей Бейсенова, кәсіпорынның заңды пысқармай отырғанына ашулы. 

Көпей БЕЙСЕНОВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Софиевкадан 70 километр жерден жер алып беріп енді ешқандай нәтиже жоқ. Жер алып берсек те кететін түрі жоқ. Мынау күні-түні жағып жатыр. 2 пешке санкция қойдық деп еді, енді алдына жағып жатыр бұрқыратып. Жиырма бірінші ғасырда осылай өмір сүреміз деп ойладық па?

Қазір зауыттың жұмысы қызған. Қалдықтарды пеште ғана емес айналасында да өртеуде. Тіпті қаладан қалдық әкелген көлік те келді. Бірақ ол біздің түсіріп жатқанымызды көрді ме, қалдығын түсірместен кері қарай кетті. "Аклер групп" компаниясының директорымен телефонмен ғана тілдесудің сәті түсті. Ол кәсіпорында пештер жұмыс істеп тұрған жоқ деді.

Ерлан РЫСБАЕВ, "АКЛЕР ГРУПП" ЖШС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

"Аклер груптың" пештері тоқтап тұр қазір. 3 мартқа дейін тоқтап тұр. Үшінші марттан кейін жалғастырамыз. Ал ол жақта жанып жатқан пеш ол арендаға берген жеріміз. Басқа компанияның пеші жағып жатқан. Бір-екі айда құжаттарды дайындаймыз сосын көшеміз.

Жағдайдан хабардар Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі зауыттың жұмысына мынадай жауап қатты.

18.02.2020 жылы Ы.Алтынсарин тұрғындарынан Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне Целиноград ауданы Ы.Алтынсарин ауылындағы «Аклер Груп» ЖШС-не қатысты шағым келіп түсті. Алайда, ҚР Президентінің 2019 жылы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы тексерулерге және профилактикалық бақылау және қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес шағын субъектілерін тексеру, қадағалау тоқтатылды. Жеке және заңды тұлғалардың шағын кәсіпкерлікке қатысты жоспардан тыс тексерістерді тағайындау туралы өтініштерін қарау жөніндегі жұмыс тобымен хаттамалық шешім қарастырылуда.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Өздеріңіз көріп тұрғандай зауыт құйтырқы әрекетін жалғастыру үстінде. Одан шыққан түтіннің иісіне 1 минута шыдап тұру мүмкін емес. Түтіннің зардабын шеккен қос ауылдың тұрғындары енді зауытты жабу үшін қолдан келген барлық шараны көреміз деп отыр.

А. Данияр