$489.36 €533.45 ₽4.99
×

Алматыдағы 17 аумақта селдің қаупі бар

AstanaTV
26.02.2020ж. 20:00
2799
Алматыдағы 17 аумақта селдің қаупі бар

Алматыдағы өзендерден сел қаупі толық сейілмей тұр. 17 аумақта әлі күнге су көтеріліп кетуі мүмкін. Бірақ, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері биыл қалада ағын сулардың арнадан аспайтынын айтып, қауіпті жағдай қайталанбайтынына уәде берді. Дәстүрлі «Көктем-2020» оқу жаттығу жұмыстарына қатысып, қауіпті аймақтарды аралап қайтқан Аршын Кемелжан тақырыпты тарқатады.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Бұл Қарғалы өзеніндегі сел қаупі сейілмеген аумақтың бірі. Өзен арнасының Жандосов көшесінен төменгі бөлігі жылдар бойы жиналған ағаш қалдықтары мен ағып келген тастарға толып қалған. Қазіргі уақытта қалдықтар тазартылып, өзен арнасы кеңейтілуде.

Жыл сайын тұрғындардың үрейін ұшырған Қарғалы өзені аумағында бұған дейін жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліпті. Алайда, өзен арнасы жиі бітеліп қалады деп отыр. 

Қуаныш ӘМІРЕНОВ, ТҰРҒЫН:

Былтыр тамыз айында мына жерде су көтерілген. Тастар, ағаштар ағып келді. Қазан айында тазаланған, қазір тағы тазаланып жатыр. Селден қорқып отыратынбыз.

Жазда жаңбыр құйғанда, көктемде қар ерігенде мінез көрсететін мегаполистегі өзен суларынан биыл қауіп жоқ дейді төтенше жағдай мамандары. Өйткені қар жылдағыдан аз, әрі жер қыртысындағы тоң жұқа деп түсіндірді. Дегенмен арқаны кеңге салуға ерте екенін мойындайды.

Ерлан ӘЛІБЕКОВ, АЛМАТЫ қ. ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алматы қаласында былтырғы кезде 26 су тасқынынан қаупі бар аумақтар болған. Былтыр тоғыз аймақта жұмыстар жүргізіліп, қазіргі кезде 17 аумақ қалып отыр. Қазіргі кезде Алматы қаласында су тасқыны қаупі жоқ, деп айтамыз.

Аталған селдік қаупі бар 17 аумақтың мәселесі қашан толық шешілетіні әзірге белгісіз. Республикалық оқу-жаттығу қаланың барлық аудандарында атқарылмақ. Қауіпті аймақтар басты назарға алынған. Дегенмен құтқарушылар төтенше жағдай үшін 13 мың қап пен 70 мың тонна құм дайындапты.
  
А.Кемелжан