Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елдегі 75 әлеуметтік нысан бір жылда 280 млн көлемінде қаражат үнемдеп отыр

AstanaTV
26.02.2020ж. 20:00
2495
Елдегі 75 әлеуметтік нысан бір жылда 280 млн көлемінде қаражат үнемдеп отыр

Елдегі 75 әлеуметтік нысан бір жылда 280 млн көлемінде қаражат үнемдеп отыр. Бұл - мектеп, бала-бақша және ауруханалардағы коммуналдық шығындардың азаюымен байланысты. Энергетика министрлігі ұсынған жобалар жылуды 30 пайызға, тоқ көзін 15 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол қандай жүйе? Толығырақ, келесі бейнематериалда.

Орал қаласындағы «Березка» балабақшасы осыдан 30 жыл бұрын салынған. Сол кезден бері жібі түзу жөндеу көрмепті. Тозығы жеткен ғимаратқа былтыр толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бөбекжай басшылығы, қуанышымыз екі еселенді деп отыр. Жарық әрі қуат үнемдегіш шамдардардың көмегімен, мұндағы коммуналдық қызмет шығындары екі есеге азайған. Бір жылда 4 миллион теңге үнемдедік деді. 

Жанар ХАИРОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ №4 «БЕРЕЗКА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрын қыста бөлмені желдету үшін терезе аша алмайтын едік. Күн суытқанда терезеден жел гулеп, азынап тұратын. Қазір балабақшадағы 183 терезенің бәрі әйнек пластикпен алмастырылды. Іші жып-жылы. Бұрын ай сайын коммуналдық қызметке 250 мың теңге төлесек, қазір ай сайынғы шығынымыз 130 мың теңгеден аспайды.

Дәл осы балабақша секілді бірқатар әлеуметтік нысандарға да жөндеу жұмыстары жүрген. Елдегі 44 мектеп, 25 бөбекжай мен 16 ауруханаға жасыл технология енгізіліпті. 8 ірі даңғылдардың қуат көзі энергия үнемдейтін технологиялармен жаңғыртылған.

Бауыржан СМАҒҰЛОВ, «ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ ИНСТИТУТЫ» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы алғанда 85 нысанды тың жүйеге қосу жоспарланған. Қазір соның 75 пайдалануға берілген болса, қалған 10 жобаның құрылысы әлі жүріп жатыр. Жоба өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Бір мекеме орта есеппен жылуды 30 пайызға, ал қуат көзін 15 пайызға аз шығындайды.

Бұл жобаның әу-бастан өз қолдаушысы бар. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарда қалыс қалмайтын Дүниежүзілік банк 2014 жылы осы мақсатқа, елімізге 21,7 млн АҚШ доллар көлемінде қаржы бөлген. Айта кетерлігі, бұл қомақты сомма қайтарымсыз.

Жан-Франсуа МАРТО, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Егер басқа елдермен салыстырар болсақ, пилоттық жоба біз күткенннен де сәтті жүзеге асып жатыр. Жұмыстар уақытында аяқталды. Энергетикалық шығындарды үнемдеу, ел экономикасына да оң әсер береді. Мемлекет бюджеті үшін де тиімді. Жоба қаншама адамды жұмыспен де қамтыды. 2000-ға жуық жұмысшы құрылысқа жұмылдырылды.

Жоба жұмысы аяқталуға шақ қалса да, қос тарап әрмен қарай да бірлесіп жұмыс істеуді көздейді. Бұл жолы тек әлеуметтік нысандар ғана емес, өнеркәсіп саласындағы энергия үнемдеуге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

А. Мүтәлі