$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақсу қаласында «креативті ұры» банкоматты жарып жіберді

AstanaTV
28.02.2020ж. 20:00
2272
Ақсу қаласында «креативті ұры» банкоматты жарып жіберді

Павлодар облысында банкоматтан ақша ұрламақ болған «креативті ұры» ұсталды. Ол банк ғимаратындағы құрылғыны жарып жіберді. Оңай олжа таппақ болған жергілікті тұрғын гелий шарын қолданған. Оның бұл әрекеті банктің бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Ерекше тәсілмен ақша ұрламақ болған қарақшының әрекеті жайлы әріптесім Өзгеріс Қуанар айтып береді.

Бұл кадрларда ұрының банкоматты ашпақ болған сәті бейнеленген. Ол өзімен қысымға толған екі шар алып келіпті. Аспай-саспай банкоматты ашуға тырысып-ақ  жатыр. Бірақ, оның бұл әдісі сәтсіз болып, соңы жарылысқа ұласты.

Жарылыстан банктің кіре-берісіндегі есік терезелер сынды, ал банкомат жарамсыз болып қалды. Оқиға түнгі уақытта болғандықтан, зардап шеккендер жоқ. 

ТҰРҒЫН:

Бірдеме тарс ете түсті. Басында не болғанын түсінбедім. Жертөледе болды ма деп ойлағам, сөйтсем, банкоматта жарылыс болыпты. Оны тек таңертең білдім.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жарылыстың соншалықты қатты болғанын сыртқа шығарылған қалдықтардан байқауға болады. Есік, терезелер күл талқан болып, жарамсыз болып қалған.

Жарылыс туралы полицияға банктің күзетшісі хабар берген. Алайда ол ұрыны байқамапты. Бұл сәтте ұры қашып үлгерген.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Тәріп сақшылары 1995 жылы туған Ақсу қаласының тұрғынын ұстады. Оған қасақана өрт қойып жарылыс жасаған, қауіпті жолмен бөтеннің мүлкіне зақым келтірді деген айып тағылып отыр. Қазіргі таңда ҚР ҚК 202 бабы, 2 бөлімі, 1 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды.

Бүгін банк жұмыс істеген жоқ. Оқиға орнындағы жарылыстан бүлінген заттардан  тазарту жүріп жатыр. Ал, банк өкілдерінен мән-жайды білмек болып едік, ішке кіргізбеді.  Полиция департаментінің мәліметінше, банкомат техникалық ақау салдарынан жұмыс істемей тұрған. Сондықтан, онда ақша да болмағанын айтты.
 
Ө. Қуанар