Алматы облысының төрт мың халқы, жолсыз жолмен жүріп, еселенген коммуналдық төлемдер төлеуге мәжбүр. Бір кездегі саяжай болған аумақ бүгінде үлкен ауылға айналған. Алайда, олар жергілікті биліктің назарынан тыс қалдық деп отыр. Саяжай тұрғындары ауыл статусын беруді сұрайды. Тұрғындардың базынасына құлақ түрген тілшіміз, тақырыпты тарқатады.
Көпшілік «Алтыншы» атап кеткен бұл елді-мекен мегаполис пен облыстың шекарасында орналасқан. Саяжай бүгінде үлкейіп, ауылға айналыпты. Қазір мұнда төрт мың тұрғын бар. Құжат бойынша аумақ Бесағаш ауылдық округіне тиесілі. Бірақ мұндағы мәселелер жылдан жылға шешімін таппай келеді.
Алмас ЕРЕНБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Алып отырған электр қуатымыз жекеге төлеп отырмыз, 28 теңгемен. +Талғар балансына алыңыз, деп бардық. Әкімдіктегілер айтады, алып отырған желілер жекеге тиесілі екен сол үшін балансымызға ала алмаймыз, дейді. Халықтың төлеп отырған бағасымен бірдей қылып төлеп берсе екен. Мысалы, Бесағаш ауылы 17-18 теңгеден төлеп отыр ғой.
Ауыз суға да жеке кәсіпкер жауапты. Көрші ауылдарда судың әр кубы үшін 125 теңге төлесе, мұндағы тұрғындар 270 теңге төлейді. Оған да көндіккенімен судың сапасы санитарлық талапқа сай емес деп отыр.
Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
Бұл Бесағаш ауылдық округына тиесілі саяжайдың орталық көшесі. Ойылған жолдар бүгінге дейін ешқандай жөндеу көрмеген. Жиырма жылдан бері ауылдық статус ала алмай келе жатқан елді мекен тұрғындары қыста батпаққа батып, жазда аспанға көтерілген шаңға тұншығудан шаршадық, дейді.
Бесағаш ауылдық округіндегі атқамінерлер мұндағы мәселелерден хабардар. Бірақ олар бұл аумаққа ауыл статусын беру мүмкін емес екенін айтты. Өйткені, саяжайдағы үйлер арнайы талапқа сай салынбаған, соның кесірінен көшелері тар екенін жеткізді.
Нұрсұлтан БАЙМҰСА, БЕСАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өздерінің стандарттары бар ауыл статусына беру үшін. Сол стандарттарға сәйкес келмейді. Бұған дейін де ауданға ұсыныс берілген статус беру үшін. Бұл сұрақ әзірге шешім таппай тұр.
Атқамінерлер жарық пен ауыз судың бағасын да реттей алмайды. Өйткені электр желілері мен құбырлар жеке-меншікке тиесілі деді. Проблемаларын тұрғындар мен кооператив өзара шешуі тиіс екенін айтты.
Сұлушаш НАМАЗБАЕВА, КООПЕРАТИВ ТӨРАЙЫМЫ:
Ауыл деген статус берсінші. Ауыл болған соң жағдай түзелер, деп ойлаймыз. Ауыл болса су, жарық, жол демейміз. Бірақ бәрі біртіндеп болатын шығар. Коператив керегі жоқ, мен төрайымнан өз еркіммен бас тартамын.
Кооператив төрайымы елді-мекеннің жолын салып, электр желілері мен су құбырларын жекеден Үкіметке өткізу үшін қомақты қаражат қажет ететінін мойындайды. Бірақ оны халықтың қалтасы көтермейтінін баса айтты. Ал, тұрғындар болса, биліктің назарынан тыс қалғандарына өкпелі.
А. Кемелжан