$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Екібастұзда полицейдің мүрдесі үйдің ауласындағы көліктен табылды

AstanaTV
02.03.2020ж. 20:00
2702
Екібастұзда полицейдің мүрдесі үйдің ауласындағы көліктен табылды

Екібастұзда үйдің ауласындағы көліктен полицейдің мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша оны әлдекімдер көліктің қауіпсіздік белдігімен қылқындырып өлтірген болуы мүмкін.  26 жастағы полиция капитанының жұмбақ өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Полицейдің өліміне қатысты ақпарат әлеуметтік желілерде жылдам тарады. Екібастұздың полиция бөліміне оның қайтыс болғаны туралы қоңырау таңғы 6-лар шамасында түскен.


Абай көшесіндегі автотұрақта  ВАЗ 2115 көлігінің салонынан 1993 жылы туған азаматтың денесі табылған. Кейін оның Екібастұз қалалық полиция басқармасының жедел уәкіл екені анықталды.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған факті бойынша Екібастұз қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталатын болады. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді.

Соңғы кезде тәртіп сақшыларына қатысты шабуыл жиілеп кеткені рас. Құқық қорғау саласының ардагері Владимир Борман бұның басты себебі, олардың бейқам болуы деп отыр.

Владимир БОРМАН, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Полиция қызметкері сақ болуға міндетті. Бұл жерде қарудың болу, болмауы маңызды емес. Десе де, олар кез келген жерде қауіп төнуі мүмкін екенін естен шығармауы керек. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Марқұм полицей Самат Исеновтің туған күніне бір айдан астам ғана уақыт қалған еді. Әріптестерінің айтуынша, оның артында бір баласы мен жұбайы қалды. Марқұммен қоштасу ертең таңғы сағат 10-да Екібастұз қаласында өтеді.
 
Ө. Қуанар