Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Nur Otan» партиясы қыз-келіншектерге тарту-таралғы жасап қуантты

AstanaTV
06.03.2020ж. 20:00
2319
«Nur Otan» партиясы қыз-келіншектерге тарту-таралғы жасап қуантты

8-наурыз мерекесі қарсаңында «Nur Otan» партиясы аймақтардағы қыз-келіншектерге тарту-таралғы жасады. Бесіктен белі шықпай жатып, тағдыр тәлкегіне түскен балалар үйінің түлектеріне қажетті тұрмыстық бұйымдарды тарту етті. Ал оңтүстік өңірдегі әйел аналар өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Тілшіміз толықтырады.

Мереке қарсаңында шымкенттік қыз-келіншектердің қолы ұзарды. «Nur Otan» партиясы оларға «Бақытты отбасы» жобасы аясында 100 тігін машинасы мен электр пешін сыйға тартты. Қуанышын жасыра алмаған аналар партияға алғысын жаудырды.
Нұротандықтар кәсіпкерлікке бейімі бар аналарға арналған оқу курстарын да қолға алыпты.

Айзада БЕКПЕНБЕТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА, МӘРТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғысым шексіз осындай жас аналарға, жас отбасыларға осындай қолдау көрсетіп жатқандарына. Менің жоспарым сол келешекте соны оқып бітіріп, үлкен цех болмаса да кішігірім цех ашып, сол әрі қарай өзім нәпақамды тауып, бала-шағамды бағу.

Тұрғын үй кезегін жылдап күткен оралдық қамкөңіл қыз-келіншектер де бүгін бір жадырап қалды. Балалар үйінің бір кездегі түлектеріне нұротандықтар гүл шоқтары мен тұрмыстық бұйымдарды тарту етті. Жүруге енді талпынып жүрген кішкентай Омардың да тұсауын кесті. 

Абат ШЫНЫБЕКОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Партияның бастамасымен, партия мүшелерінің қолдауымен жаз айларында жақсы бір балалар алаңын салуды көздеп отырмыз. Бұған бюджеттен ешқандай ақша шықпайды. Бұл партиямыздың бірлескен жұмысы болып есептеледі.

Ал, бас қаланың жыл он екі ай бойы бел жазбай еңбек етіп жүрген әйел-аналар да мұндай құрметтен тыс қалмады. Жүрегі нәзік, жұмысына мығым жандарға «Jas Otan» жастар қанаты әдемі гүл шоғын шын жүректен тарту етті. «Астана Тазалық» қызметкерлері мереке қарсаңында да қызу жұмысқа кіріскен.

Виолетта ПАК, «JAS OTAN» ЖҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:


Күн сайын қала тазалығын сақтау үшін тынымсыз тер төгіп жүрген әйел адамдарды осылай қуантқымыз келді. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты атынан «Астана Тазалық» серіктестігінің қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз. Оларға денсаулық, бақыт және табыс тілейміз.


Партияның Жамбыл облыстық филиалы болса, өз жұмысына белсене араласқан азаматшаларды мерекемен құттықтады. Сыйлық табысталды, ән мен биден шашу шашты.  Онан соң 100 жастан асқан әжелер мен көп балалы отбасыларына ат басын бұрды. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандарға, кейуана ат батасын жолдады.  

Е. Карин