Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Тұтастай бір ауыл түтінге тұншығып келеді

AstanaTV
10.03.2020ж. 20:00
2262
Тұтастай бір ауыл түтінге тұншығып келеді

Түтінге тұншыққан ауыл. Солтүстік Қазақстан облысындағы Смирнов ауылының тұрғындары арнамызға шығамданды. Айтуларынша, көк түтіннен зардап шегіп отыр. Мектептің жылу қазандығынан будақтаған түтін айналаны ластаған. Жағымсыз иістен мезі болған халықтың жанайқайына әріптесім Абзал Құрманкин құлақ түрді.

Бұл ауылда бес мыңнан астам тұрғын бар. Олар мектептегі жылу қазандықтары жаңартылған соң, осы мәселе пайда болды деп отыр. Бұқараның пайымынша пештің мұржасы тым қысқа қойылған. Осының салдарынан бұқара қысты күні далаға шығудан қалған.

Ксения ИВАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен мектептің дәл артында тұрамын. Мектептің от жаққан кезде айналаны түтін басып кетеді. Иіс тіпті үйдің ішінде де сезіледі. Мен бронхитпен ауырамын. Түтін менің денсаулығымды нашарлатып жатыр.

Виктор ПРОСТИХИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жел бері қарай соққан кезде түтін көшенің бір шетінен екінші шетіне дейін жетеді. Таза ауамен демалу мүмкін емес. Балаларды аяймын. Ертең өкпелері не болады?

Мұндай жылу қазандықтары Аққайың ауданы орталығының 24 нысанына орнатылған. Оның сегізі мемлекеттік мекеме. Жылуға жауапты мекеме жағдайдан хабардар, олар енді мұржаларды ұзартуды қолға алыпты.

Серғазы ҚҰСАЙЫНОВ, ЖЫЛУ КӘСІПОРНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
 
Ауа райы бір суық,бір жылы болады.Сонда атмосферный давление түтінді төмен басады. Ол жалғыз біздің котельныйдың проблемасы емес, жеке меншік үйлерде де. Біз жаз бойы 5-6 котельныйдың трубасын көтердік. Акиматтікін,отдел полициясынікін,үш мектептікін, сосын двухэтажкалардікін көтердік.

Жергілікті билік, жылу қазандықтарын жеке компанияға тапсыру ісі - оң шешім болғанын айтады. Бір жағынан коммуналдық шығын 30 пайызға қысқарған деді. Ал екіншіден, жаңа пештер орнатылған соң, мектептердің іші жылыныпты.

Самат СӘРСЕНБАЕВ, СҚО АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауыл мектептері баяғыда дизельдік отынмен жылытылды. Енді заманауи қазандықтар қондырылған соң көзіміз ашылды. Заң бойынша жылу қазандықтары нысаннан бөлек тұруы тиіс. Жергілікті бюджет бұны көтере алмас еді. Сондықтан бұл келісімнің оң тұстары жетерлік.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жауапты кәсіпорынның тындырған ісі нәтижесін бермеген көрінеді. Сондықтан олар мұржаны тағы бірнеше метрге ұзартуды көздеп отыр. Бірақ бұл жұмыс жылу маусымы аяқталғаннан кейін, бірақ қолға алынбақ.

А. Құрманкин